«Үйде жатпа» күнтізбесі. 7 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 07 марта, 2024


📝1994 жылы 7 наурызда Тәуелсіз  Қазақстанның тұңғыш парламентіне сайлау өтті. Мұнда 176 депутат сайланды. Оның 42-сі президенттік тізім бойынша, ал 75-і қоғамдық бірлестіктерден, 59-ы өзін-өзі ұсынған депутаттар болды. 1994 жылдың сәуірінде жаңа парламент өз жұмысын бастады. Қазір Қазақстан Парламенті 50 сенатор және 98 мәжіліс депутатынан тұрады. Өткен жылдың наурызында мәжіліске соңғы сайлау өтіп, оған 7 партия мен өзін-өзі ұсынған үміткерлер қатысты.

🌱Бүгін вегетариандар өсімдіктер энергиясы күнін атап өтеді. Бұл күн жануарлардан алынатын өнімнен толық бас тартуға шақырмайды. Алайда күнделікті ас мәзіріне көкөністерден, шөптерден және жемістерден дайындалатын тағамдарды қосуды еске салады. Шөп-шалаңнан дайындалған тағамдар қоректік заттарға бай. Сондықтан ол балаларға да, ересектерге де пайдалы. Біздің заманымыздың вегетариан жұлдыздарының арасында Брэд Питт, Леонардо Ди Каприо және Джулия Робертс бар.

Сіз еттен бас тарта аласыз ба? 🍖

📲Бүгін телефон құралының пайда болған күні. 1876 ​​жылы 7 наурызда америкалық Александр Белл телеграфтың жетілдірілген үлгісін патенттеп, араға үш күн салып, сынақтан сәтті өтті. Коммутаторлар мен роторлы телефондар қазір тарихта қалды. Бұл кезде байланыс лезде болды. Ал қазіргі заманауи смартфондар мүлдем басқа, яғни арасында ұқсастық жоқ. Әйтсе де сымы бар ескі телефонның орны бөлек.

 

Сіздің телефоныңыз қай брендтен? 📞


🎉7 наурыз өмірге келген қазақтың танымал тұлғалары. 76 жыл бұрын жазушы, ақын, журналист Жарасқан Әбдірашев (1948-2001) дүниеге келді. Оның “Әзілің жарасса” кітабы қазақ әдебиетіндегі эпиграмма жанрын қалыптастырды. Сондай-ақ көптеген шығармасы шет тілдеріне аударылып, жарық көрді. Ол мансап жолында “Тамаша” театрының бас редакторы қызметін атқарған. Өнер иесі белгілі кинорежиссер — Рүстем Әбдірашевтың әкесі. Бүгін Қазақстан Республикасының тұңғыш Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов 60 жасқа толды. Шаңғы әлеміндегі ең құрметті спортшылардың бірі – төрт дүркін әлем чемпионы, Олимпиадада төрт мәрте күміс және екі мәрте қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар спортшы — Көкшетау қаласының Құрметті азаматы. 

 

Қысқы Олимпиадада медаль жеңіп алған тағы қандай спортшыларды білесің?🥇