«Үйде жатпа» күнтізбесі. 7 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 07 апреля, 2025


👩‍⚕️Бүгін — Дүниежүзілік денсаулық күні. 1948 жылы 7 сәуірде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрылды. Бұл күн денсаулығыңызға өз бетіңізше қамқорлық танытуға шақырады. Өйткені кейде мейірбикелер  дәл уақытында көмек беріп үлгермеуі мүмкін. Дәрігер толық емдеп, бастапқы денсаулығымды қалыпқа келтіреді деген жансақ пікірден арылған жөн. Есіңізде болсын, денсаулық — адамның ең үлкен байлығы. Сол себепті оған күтім жасау – өмір сапасына жасалған маңызды инвестиция.

Баршаңызға зор денсаулық тілейміз! 

 

👀7 сәуірде жануар жанашырлары халықаралық құндыз күнін атап өтеді. Бір ғасыр бұрын құндыз жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған еді. Өйткені Еуропа мен Ресейдің көптеген елі оның бездері мен құнды терісін емдік мақсатында жаппай қолданды. Құндыз – ерекше тіршілік иесі. Ол адам секілді қоршаған ортаны өз қажетіне қарай өзгерте алады: бөгет салады, жерді батпаққа айналдырады, ін қазады. Әлемдегі ең үлкен құндыз бөгеті Канаданың ұлттық парктерінің бірінде орналасқан, ұзындығы — 850 метр. 

 

Құндыз Қазақстанның қай аймақтарында кездеседі? 

 

👤2021 жылы 7 сәуірде ұлы дала жыршысы Жамбыл Жабаевтың өлеңдері алғаш рет венгр тілінде жеке жинақ болып жарық көрді. «Жамбыл жырлары — Dzsambul muvei» атты жинақ қазақ халқының рухани мұрасын шет елге таныстыруға бағытталған жоба аясында, Жамбылдың 175 жылдығына орай басылып шыққан. Онда ақынның қазақ тіліндегі түпнұсқа жырларымен қатар, венгр тіліне тәржімаланған нұсқалары мен терең зерттеулер қамтылған. Айта кетейік, Венгрия — Түркі мемлекеттері ұйымына бақылаушы ел ретінде енген, алдағы уақытта ұйымның толыққанды мүшесі болуға ниетті.

Түркі мемлекеттерінің ұйымына қай елдер кіреді? 

 

👥7 сәуір — қос тұлғаның туған күні. 154 жыл бұрын шетелде кең танымалдыққа ие болған тұңғыш қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы (1871-1948) дүниеге келді. Аты аңызға айналған балуан классикалық күрестен кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионатында 5 рет жеңіске жетіп, француз күресінен әлем чемпионы атанды. Ол Қазақстанда күрестің қалыптасуы мен дамуына, оның ішінде қазақ күресін насихаттауға зор үлес қосты. Спортшы туралы фильмдер түсірілді. Жыл сайын оны еске алу мақсатында турнирлер өтеді. 

Сонымен қатар бүгін фильмнің атыс-шабыс бағытында танымал болған кейіпкерлердің бірі Джеки Чан 71 жасқа толды. Ол 100-ден астам фильмде ойнады. Өнер иесі әлемдегі ең атақты азиялық актерлердің бірі. Ол киноға түсуден бөлек, ән айтумен де айналысады. Киноға қосқан үлесі үшін  “Оскар” сыйлығын иеленіп, MBE және ЮНИСЕФ ізгі ниет елшісі атанды. 

Қалаңызда Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімімен аталған қандай көшелер мен ғимараттар бар?