«Үйде жатпа» күнтізбесі. 7 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 07 Сәуір, 2023


🚑 Бүгін – Дүниежүзілік денсаулық күні. 1948 жылы 7 сәуірде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрылды. Бұл күннің мақсаты – денсаулығыңызға қамқорлық жасау керек екенін еске салады. Өйткені дәрігер ауырып келген кезіңізде көмек беріп үлгермеуі мүмкін. Сондықтан “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп” денсаулық мәселесіне салғырт қарауды доғарыңыз. Есіңізде болсын, денсаулықты күту – өмір сүру сапаңызға жасалған үлкен инвестиция. Яғни, адамның ең құнды қазынасы болып келеді. 

 

Баршаңызға мықты денсаулық және белсенді өмір салтын тілейміз! 

🦦7 сәуір жануар сүйер қауым – Халықаралық құндыз күнін атап өтеді. Бұл күн аталмыш жануардың санын қалпына келтіру мәселелеріне назар аудару үшін қолға алынды. Жүз жыл бұрын құндыз жойылу үстінде болды. Өйткені Еуропа мен Ресейдің көптеген елінде ол емдік әрі өте құнды тері болып саналды. Құндыз да адам сияқты бөгет салып, шұңқыр қазып, қоршаған ортасын өзгертуге бейім болып келеді. Ұзындығы 850 метр болатын ең үлкен құндыз бөгеті Канаданың ұлттық саябағында орналасқан.

 

Құндыз Қазақстанның қай аймақтарында кездеседі? 

📖 2021 жылы 7 сәуірде Жамбылдың алғашқы жыр жинағы венгр тілінде жарық көрді. Ұлы дала дастанының 175 жылдық мерейтойы аясында жарық көрген «Жамбыл жырлары – Dzsambul muvei» жинағына венгр тілінде аудармасы бар қазақ тіліндегі өлеңдері, мазмұнды зерттеу мақалалары енгізілген. Венгрия – Түркі мемлекеттері ұйымындағы бақылаушы ел. Ал жақын арада ұйымға кіруді жоспарлап отыр. 

 

Түркі мемлекеттерінің ұйымына қай елдер кіреді? 

🎊 7 сәуір өмірге келген атақты адамдар. 152 жыл бұрын шетелде танымалдылыққа ие болған тұңғыш қазақ спортшысы – Қажымұқан Мұңайтпасұлы (1871-1948) дүниеге келді. Аты аңызға айналған палуан классикалық күрестен кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионатында 5 рет жеңіске жетіп, француз күресінен әлем чемпионы атанды. Ол Қазақстанда күрестің қалыптасуы мен дамуына, оның ішінде қазақ күресін насихаттауға зор үлес қосты. Спортшы туралы фильмдер түсірілді. Жыл сайын оны еске алуға арналған турнирлер өтеді. 

Бүгін әйгілі экшн қейіпкерлерінің бірі – Джеки Чан 69 жасқа толды. Ол 100-ден астам фильмде ойнады. Өнер иесі әлемдегі ең атақты азиялық актерлердің бірі. Актер киноға түсуден бөлек, ән айтумен де айналысады. Киноға қосқан үлесі үшін құрметті “Оскар” сыйлығының иегері, MBE және ЮНИСЕФ ізгі ниет елшісі атанды. 

Қалаңызда Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімімен аталған қандай көшелер мен ғимараттар бар?