«Үйде жатпа» күнтізбесі. 8 ақпан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 08 Ақпан, 2023


☑️ Бүгін БҰҰ-ның бастамасымен жас антифашист қаһарман күні аталып өтеді. 1964 жылдан бастап аталмыш күн Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистермен шайқаста қаза тапқан балалар мен жасөспірімдерді еске алуға арналған. 1943 жылы 8 ақпан Францияда фашистер лицейде оқитын бес ұлды астыртын жолдастарын беруден бас тартқандары үшін өлім жазасына кесті. Сол жылдың 8-9 ақпаны аралығында «Жас гвардия» антифашистік ұйымының тоғыз мүшесі ауыр азаптаудан кейін КСРО-да ату жазасына кесілді.

☑️ 8 ақпан Қызылорда қаласындағы Алтынсарин атындағы кинотеатрда белгілі режиссер Сергей Әзімовтің «Жоқтау. 20 жылдан кейін» документалды фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл туынды 1990 жылы түсірілген «Жоқтау. Өлі теңіз хроникасы» атты фильмнің жалғасы болып есептеледі. Сюжет барысында өткен уақытта Арал теңізінде қандай өзгерістер орын алғаны туралы айтылады. Режиссер фильмде халықтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін көрсете білген. Өйткені Арал өңірінің көптеген тұрғыны экологиялық апатқа қарамастан, туған жерін тастап кетпеді.

☑️ Бүгін романтикалық мерекелердің бірі – үйленуге ұсыныс жасау күні. Әрбір ер адам өмірлік серігін таңдарда өте маңызды шешім қабылдайды. Иә, себебі жүрегіңізден орын алған аруға өміріңіздің қалған бөлігін бірге өткізу туралы ұсыныс жасау әлдеқайда қиын. Егер сіз өз жұбыңызды тауып, маңызды қадам жасауға бел байласаңыз – дәл бүгінгі күн оған ұсыныс жасауға өте қолайлы. Бұл күн – сүйіспеншілік пен романтикаға толы. Сондықтан көптен ұсыныс жасауға тамаша мүмкіндік. 

Әрбір ер адам өз серігінен «Иә!» деген жауап алуын тілейміз!

☑️ 8 ақпан атақты екі адамның туған күні. 195 жыл бұрын француз жазушысы, шытырман оқиғаға негізделген әдебиет классигі, ғылыми фантастика жанрының негізін салушылардың бірі – Жюль Верн (1828-1905) дүниеге келді. Оның кітаптары әлем бойынша ең көп аударылды. Тіпті атақты өнертапқыштар Верннің әңгімелеріндегі идеялардан шабыт алатынын мойындады. Айдағы астероид пен кратер жазушының атымен аталған.

Сонымен қатар 189 жыл бұрын химиялық элементтердің периодтық жүйесін құрастырған орыс химигі – Дмитрий Менделеев (1834-1907) дүниеге келді. Түсінде қасиеттері ұқсас химиялық элементтерді қалай топтастыру керек екенін көріп, сол ойды қағазға түсіріп, қайтадан ұйықтап қалады. Осылайша әйгілі периодтық жүйе пайда болды.