«Үйде жатпа» күнтізбесі. 8 маусым: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 08 июня, 2025


🌧8 маусым – Дүниежүзілік мұхит күні. Мұхит жер шарының 70 пайызын алып жатыр. Адамзат тіршілігі дәл осы алып су айдынымен тығыз байланысты. Ол — өмірдің қайнар көзі, Жердің тынысы. Әлемде төрт мұхит ресми түрде белгілі: Тынық, Атлант, Үнді және Солтүстік Мұзды мұхиттары. Соңғы зерттеулер нәтижесінде ғалымдар бесінші — Оңтүстік мұхитты да бөліп қарастыра бастады. Бұл мұхит үш алып мұхиттың түйіскен тұсында орналасқан, өзіндік ерекше климаттық жағдайы мен экожүйесі бар.

🧠8 маусым – Дүниежүзілік ми ісігіне қарсы күрес күні. Бұл — адам өміріне зор қауіп төндіретін күрделі сырқатқа, ми ісігіне назар аудартуға арналған. Статистикаға сүйенсек, күн сайын әлем бойынша 500-ден астам адамға осы диагноз қойылады. Аталған күн — тек есте сақтау үшін ғана емес, саясаткерлер мен инвесторларды зерттеу мен инновациялық емдеу тәсілдеріне қаржы бөлуге шақыруды көздейді. Аурудың белгілері мен салдары туралы ақпараттандыру — адамдардың өмірін аман сақтап қалуға көмектеседі. Ми ісігімен Жанна Фриске мен Roxette тобының солисі Мари сынды танымал тұлғалар да күресіп, өмірден өтті.

Салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығыңызды күтіңіз!

🤗8 маусым – Халықаралық үй шаруасындағы әйелдер күні. Отбасы бақыты мен үйдің жылуы — күн сайын елеусіз атқарылатын, бірақ баға жетпес еңбектің жемісі. Осы ұлы міндеттің басым бөлігін мойнына алатын — үй шаруасындағы әйелдер. Баланы тәрбиелеу, отбасына тыныштық пен тәртіп орнату, үй ішіне жылу мен жайлылық сыйлау — бұл қоғам үшін аса құнды, көзге көрінбейтін еңбек. Қазір кей отбасыларда бұл міндетті ер азаматтар атқарады, әсіресе, әйел табысы жоғары болған жағдайда.

Барша нәзік жандыларды бүгінгі мерекемен құттықтаймыз!

👀8 маусым – Шаңсорғыштың пайда болған күні. 1869 жылы дәл осы күні америкалық Айвз Макгаффни ұсақ қоқыстарды жинауға арналған құрылғыны патенттеген еді. Ол механикалық желдеткіштің көмегімен жұмыс істейтін, ал қалақшаларын қолмен айналдыру керек болатын. Бұл аса қолайсыз болғандықтан, көпшілікке ұнай қоймады. Біраз уақыттан кейін бензинмен жұмыс істейтін шаңсорғыштар пайда болды. Алайда олардың қатты дауыс шығарып, түтіндеуі жұрттың көңілінен шықпады. 1906 жылы Джим Кирби алғаш рет электрлі шаңсорғыш жасап шығарды. Ол Макгаффнидің құрылғысын жетілдіріп, оған су сүзгісін, электр желдеткішін орнатып, телескоптық шланг пен ауыстырмалы бастиектер ойлап тапты.

Сіз қандай фирманың шаңсорғышын қолданасыз?