🥀Бүгін — Халықаралық әйелдер күні. Бұл күн әйелдердің қоғамдағы рөлі мен еңбегін дәріптеуге арналған. 1908 жылы 8 наурызда Нью-Йоркте зауытта жұмыс істейтін әйелдер жалақыларын көтеруді талап етіп, жаппай шеру өткізген еді. Сол кезде әйелдердің еңбегі өте төмен бағаланып, теңсіздік айқын сезілетін. Ал 1910 жылы әйгілі қоғам қайраткері, феминист Клара Цеткин 8 наурызды әйелдердің құқықтары үшін күрес күні ретінде атап өтуді ұсынды. Бүгінде бұл күн халықаралық деңгейде аталып өтеді.
Оқырмандарымызды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!
📺Бүгін Қазақ телевизиясының құрылғанына 67 жыл толды. 1958 жылдың 8 наурызында Алматы студиясында алғашқы сынама телехабар эфирге шықты. Бұл – Қазақ телевизиясының негізі қаланған күн. Сол жылы Қарағанды мен Өскеменде, ал бір жылдан кейін Жезқазғанда, екі жылдан кейін Петропавлда, одан әрі бүкіл Қазақстанда телестудиялар ашыла бастады. Бүгінде елімізде 14 ұлттық телеарна бар. Жалпы, қазақстандық телеарналардың саны 30-дан асады, ал олардың үшеуі шетелге хабар таратады.
Сіз қай телеарнаны жиі қарайсыз?
✍️1010 жылдың 8 наурызында атақты парсы ақыны Әбілқасым Фирдоуси 35 жыл бойы жазған ұлы шығармасы – “Шахнаме” (“Патшалар кітабы”) дастанын аяқтады. Бұл – бір автордың қолынан шыққан ең ұзақ поэма, көлемі жағынан Гомердің “Илиадасынан” үш есе үлкен. Дастан 62 оқиғадан, 990 тараудан және шамамен 50 000 ұйқасқан қос жолдан тұрады. Оның негізгі бөлігі батырлар дәуіріне арналған, яғни Манучехр патшаның билігінен бастап, Александр Македонскийдің жорықтарына дейінгі кезеңді қамтиды. Фирдоусидің мақсаты – ежелгі Персияның “алтын дәуірі” туралы тарихи жадыны сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу болды. Ол жаңа буын өткеннен сабақ алып, болашақта әділетті және кемел қоғам құру үшін қажетті білім алсын деп үміттенді.
👥8 наурыз — қазақтың атақты қос тұлғасының туған күні. 136 жыл бұрын Алаш қозғалысының қайраткері, жазушы, ұстаз Жүсіпбек Аймауытов (1889-1930) дүниеге келді. Ол қазақ тіліндегі драма мен романның негізін қалаушылардың бірі. Ал Мұхтар Әуезов оны ұстазым деп атаған. Сондай-ақ педагогика, психология, этика бойынша оннан астам кітаптың, жүздеген ғылыми басылымдардың, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. 1930 жылы кеңес билігі оны контрреволюциялық әрекет жасады деген айыппен ату жазасына кесіп, шығармаларын ұзақ жылдар бойы жариялауға тыйым салды. Тек 1988 жылы ғана ақталып, еңбектері қайта жарық көре бастады. 79 жыл бұрын кинорежиссер, сценарист және жазушы Сатыбалды Нарымбетов (1946-2021) дүниеге келді. Оның “Аманат” фильмі 2015 жылы “Оскар” сыйлығына “Үздік шетелдік фильм” номинациясы бойынша ұсынылған. Нарымбетов бірнеше көркем және деректі фильм түсіріп, бірнеше проза жинағын шығарды. Ол – көптеген мемлекеттік және кәсіби марапаттардың иегері.