«Үйде жатпа» күнтізбесі. 8 шілде: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 08 июля, 2023


🤧8 шілде — Дүниежүзілік аллергиямен күрес күні. Мәліметтерге сүйенсек, 4 миллионнан астам қазақстандық аллергияның қандай да бір түріне шалдыққан. Сонымен қатар науқастар саны күрт өсуде. Аллергиядан қала тұрғындары көбірек зардап шегеді. Себебі аллергияның таралуына ауаның ластануы және қолайсыз экологиялық жағдай ықпал етеді. Көп жағдайда адамдап өз бетінше ем қабылдап жатады. Алайда бұл ауыр асқынуға әкелуі мүмкін. Сондықтан аллергиядан алдын алып, одан айығу туралы ақпараттардан хабардар болған жөн. 

🎖2015 жылдың 8 шілдесінде ТҮРКСОЙ жастар камералық хоры ІІ Еуропалық хор ойындарында «Рхани музыка» номинациясы бойынша алтын медаль жеңіп алды. Германияда өткен байқауда хор ұжымы Моцарттың, Антонио Лоттидің, Юзеф Свидердің төрт шығармасын және қазақ композиторы Еркеғали Рахмадиевтің әйгілі «Хор» шығармасын орындады. Хор құрамы Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Татарстан консерваторияларының студенттері мен түлектерінен құралды. Осы тұста Қазақстан атынан «Астана Опера» мен Астана қаласының Мемлекеттік филармониясының әртістері қатысты. 

🌟52 жылы 8 шілдеде Париждің негізі қаланды. Франция астанасы — әлемдегі ең әдемі әрі талғампаз қала. Сонымен қатар махаббаттың, романтиканың, сәннің символы болып саналады. Парижге баруды, әйгілі көрікті жерлерді көріп, еркіндік аурасына енуді, француз тағамдарына құрмет көрсетуді, әдемі бульварларды аралауды армандамайтын адам жоқ шығар…

 

Парижге барғыңыз келе ме? 

👥 8 шілде — екі атақты адамның туған күні. 184 жыл бұрын адамзат тарихындағы алғашқы ресми долларлық миллиардер Джон Дэвисон Рокфеллер (1839-1937) дүниеге келді. Ол 1870 жылы Standard Oil компаниясын құрып, оны зейнетке шыққанға дейін басқарды. Рокфеллер әлемдегі ең бай адам болды. Қайтыс болған кезде оның байлығы 1,4 миллиард долларды құрады. Бүгінде инфляцияны ескерсек, бұл 423 миллиард долларды құрайды. Кәсіпкер білім мен медицинаға үлкен қаражат салды. Сондай-ақ әрқашан салауатты өмір салтын ұстанып, ішімдік пен темекіден толықтай бас тартуды уағыздады. 84 жыл бұрын қазақ актері, Түркістан облысының құрметті азаматы Ошат Рақымов (1939-2016) дүниеге келді. Өнер иесі 23 жасынан бастап өмірінің соңына дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрында қызмет етті. Театр сахнасы мен кинода 200-ден астам рөлді сомдап шықты. Ол «Өмірім-өнерім» өлеңдер жинағын шығарып, 20-ға жуық танымал ән жазды.