«Үйде жатпа» күнтізбесі. 9 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 09 Мамыр, 2024


👍Бүгін 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 79 жыл толды. Сұрапыл соғысқа республиканың 6,5 миллион халқынан 1,2 миллионнан астам қазағы майданға аттанды. Бұл кезде 600 мыңнан астам қазақстандықтың өмірі қиылды. Мыңдаған қазақстандық өздерін ержүрек жауынгер ретінде көрсете білді. Олар ордендермен және медальдармен марапатталды. Оның ішінде 520 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. 110 мың майдангер “Даңқ” орденімен марапатталды. Қазір Қазақстанда 176 Отан соғысының ардагері тұрып жатыр. Оларға 1,5 миллион теңге біржолғы жәрдемақы төленеді.

Барша оқырманды Жеңіс күнімен құттықтаймыз! 

🪖2010 жылы 9 мамырда Венада Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Австрия аумағында соғысып, қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу мақсатында Батыс Еуропада алғашқы мемориал орнатылды. Сонымен қатар Волгоград, Минск және Италияның Триест қаласында қазақ жауынгерлеріне ескерткіштер салынды. Санкт-Петербургте Әлия Молдағұлованың ескерткіші өзінің есімімен аталған көшеде орналасқан.  Ал Бішкекте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновке екі рет бюст орнатылды. Румынияның Струнга ауылында 2009 жылы 1944 жылы қайтыс болған солдат Шернияз Аяғановқа мемориал ашылды.

 

Батырларымыз мәңгілік есімізде! 


🌚1840 жылы 9 мамырда Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданына “Қаракөл” метеориті құлады. Оның қалдықтары алдымен Семейге, кейін Петербургке жеткізілді. “Қазақстан. Ұлттық энциклопедия” кітабында жарияланған ақпаратқа сәйкес, метеориттің массасы 2,8 кг, ерекше пішіні киіз үйге ұқсайтындықтан сирек кездесетіндер қатарына жатқызылған. Өкінішке қарай, метеорит Қазақстанға қайтарылмады. Қазіргі таңда ол Мәскеу геохимия және сараптамалық химия институтының мұражайында сақтаулы тұр.

 

Сіз бұл метеорит туралы естідіңіз бе?


👍9 мамырда Дүниежүзілік көше музыканттары күні де аталып өтеді. Олар көшенің түкпір-түкпірінде әртүрлі туындыны орындау арқылы адамдарға ерекше эмоция сыйлап,  қуантып жүрген кәсіпқойлар немесе жай ғана әуесқойлар. Бәлкім, сіз де көшеде әйгілі композицияларды орындап жатқан шығармашыл адамдарды кездестірген боларсыз. Ал кей жағдайда музыканттар өздерінің жеке шығармаларын да ойнап жатады. Айта кету керек, көптеген атақты адамдардың мансап жолы көшеден басталған. Мәселен, оның ішінде Эд Ширанды ерекше атап өтуге болады.

 

Көше музыканттарын білсеңіз, мерекесімен құттықтап қойыңыз!