«Үйде жатпа» күнтізбесі. 9 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 09 Наурыз, 2024


🙄9 наурыз – Стандартты емес ойлау күні. Көп жағдайда, стандарттан тыс ойланатын адамдар жиі сынға ұшырайды. Сондықтан оларға қоғам көп жағдайда салмақты қарамайды. Дегенмен адамзат тарихында ең маңызды жаңалықтарды ашып, тарих бетіне өз есімдерін мәңгілікке қалдырған    осы жандар.  Стандартты емес ойлана алатын адамдарды біріктіретін басты нәрсе – олардың кең дүниетанымы. Сол себепті жаңалықтардың жаршысы болуыңыз үшін әрдайым ізденіс пен даму үстінде болуыңыз қажет. 

 

🎶Сонымен қатар бүгін халықаралық диджейлер күні. Бұл күннің мақсаты – қайырымдылық шараларына назар аудара отырып, диджей жұмысының маңыздылығын атап өту. 2002 жылы ЮНЕСКО аталмыш мерекені тойлауға рұқсат берді. Яғни, жыл сайын мереке қарсаңында концерттерден түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалып отырады. Қазақстанда бұл мамандық 20 жыл бұрын пайда болып, жас ұрпақтың ерекше символының біріне айналды.

 

Егер таныстарыңыздың арасында диджейлер болса, мерекесімен құттықтап қойыңыз!🎵

💃Бүгін – қуыршақ Барбидің туған күні. Барлық қыздың арманы болған сүйікті қуыршақтарының бірі 1959 жылы 9 наурызда алғаш рет Нью-Йорктегі көрмеде ұсынылды. Ең бірінші шыққан Барби үлкен әйелге ұқсады. Себебі оның шашы қара, ал макияжы бет-әлпетін үлкен көрсетті. Сондай-ақ үстіне ақ-қара аралас купальник киген болатын. Осылайша Барби уақыт өте келе аққұба сұлуға айналды. Оның киімінің дизайнын Ив Сен Лоран мен Жан Пол Готье тікті. Ал зергерлер арнайы бұйымдарын жасады. 

 

Сізде қуыршақ Барби болды ма? 💅

👥9 наурыз атақты екі адамның туған күні. 90 жыл бұрын әлем тарихында ғарыш кеңістігіне тұңғыш рет ұшқан адам Юрий Гагарин (1934-1968) дүниеге келді. 1961 жылы 12 сәуірде Байқоңыр ғарыш айлағынан “Восток-1” ғарыш кемесі ұшырылды. Оның бортында Гагарин болды. Ұшу уақыты 108 минутты құрады. Ол әлемнің көптеген қаласының құрметті азаматы атанды. Бүгін монумент суретшісі, гобелен киізінен жасалған көптеген картинаның авторы – Әлімбай Бапанов 71 жылдық мерейтойын атап өтеді. Оның туындылары Қазақстан, Ресей, Украина, Польша, Дания, Испания музейлерінде, сонымен қатар Франция, Америка, Лихтенштейн, Түркия, Германия, Швеция, Швейцария елдерінің жеке коллекцияларында сақтаулы тұр. Сондай-ақ ол бірнеше кәсіби және мемлекеттік марапаттардың иегері.