«Үйде жатпа» күнтізбесі. 9 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 09 Сәуір, 2024


😶‍🌫️1870 жылы 9 сәуірде Адай көтерілісін басу мақсатында Маңғыстауға орыс әскерлері келді. Кіші жүздегі халық толқуының негізгі себебі биліктің жаңа салық түрлерін енгізуі және көшпелілердің тарихи жерлерінің шекарасын өзгертуі болды. 10 мыңға жуық адам төбе көрсеткен көтеріліс аяусыздықпен басылды. Дегенмен Ресей билігі біршама жеңілдік жасады. Көтеріліс басшылары және басқа да көптеген адайлық қудалаудан қорқып, Хиуа хандығына аттанды. Бұл ХІХ  ғасырдағы қазақтардың Ресей билігіне қарсы соңғы қанды көтерілісі болды. 


😊Бүгін – Халықаралық автономды сенсорлық меридионалды реакцияға жауап беру күні. Бұл құбылыс күнделікті естіп жүрген жағымды дыбыстарға (сыбырлау, сыбдырлау, сықырлау және т.б.) беретін әсермен сипатталады. Мәселен, жаңа тауарларды қораптан шығару кезіндегі бейнелер миллиондаған қаралым жинап жатыр. Бұл целлофаннан шығарған кездегі дыбыс әр адамға ерекше әсер сыйлайтынын көрсетеді.

 

Ал сізге осыған ұқсас дыбыстар ұнай ма?

🔥9 сәуір – Халықаралық топ-менеджерлер күні. Бұл маман иелері ірі компаниялардағы коммерциялық және әкімшілік қызметті басқарады. Олар ұйымның дамуы мен болашағын анықтайтын стратегиялық шешімдер қабылдайды. Сонымен қатар сәтті жобаларды жүзеге асыруға қауқарлы болып келеді. Аталмыш маман иелері жоғары жалақы алады. Бірақ соған сай жұмыстары үлкен жауапкершілікті талап етеді. 

 

Бізбен бірге дами отырып, топ-менеджер атаныңыз! 


👥9 сәуір – қос тұлғаның туған күні. 688 жыл бұрын аты аңызға айналған жаулап алушы Темірлан (1336-1405) дүниеге келді. Ол Осман империясы, Алтын Орда, Моғолстан, Үндістан және басқа да көптеген халықпен соғысса да, бірде-бір рет ірі жеңіліске ұшыраған емес. Сонымен қатар ол астанасы Самарқанд қаласында Тимуридтер империясын құрды. Көптеген мемлекеттердің, соның ішінде Азияның, Кавказдың және Ресейдің тарихи дамуына әсер етті. Қазақ хандары, атақты билер мен батырлар жерленген Қожа Ахмет Яссауи кесенесін салуға тікелей өзі қатысып, құрылысшыларға тапсырма берді. 91 жыл бұрын француздың театр және кино актері Жан-Поль Бельмондо (1933-2021) дүниеге келді. Өнер иесі “Кәсіпқой”, “Әйел – ол әйел”, “Мұрагер” фильмдерімен есте қалған аға буынның сүйікті актерлерінің бірі. Сонымен бірге көптеген беделді кәсіби және мемлекеттік марапаттардың иегері.

 

Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бардыңыз ба?