«Үйде жатпа» күнтізбесі. 9 шілде: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 09 Шілде, 2023


🥳9 шілде – Су қызметкерлерінің күні. Бұл кәсіби мереке халықты және кәсіпорындарды су ресурстарымен қамтамасыз етуге зор үлес қосып, су шаруашылығы нысандарының сенімді жұмыс істеуіне қолдау көрсетеді. Сонымен қатар Қазақстанның табиғи байлығын сақтауға және оны көбейтуге атсалысады.

Бүгін – Салық қызметінің құрылған күні. 1991 жылы 9 шілдеде республикалық фискалдық департамент құру туралы Жарлыққа қол қойылды. 30 жыл ішінде салық органдары жүйелі қалыптасып, бірнеше рет қайта құру кезеңінен өтті. Осылайша нәтижелі жұмыстарды жолға қойды. Бұл күн әлі ресми мереке мәртебесін алған жоқ. Бірақ салық басқармасының қызметкерлері оны өз беттерінше тойлайды.

 

Егер аталмыш қызмет салаларында достарыңыз болса, оларды құттықтауды ұмытпаңыз. 

🙀9 шілде – Халықаралық қаруды жою күні. Мәліметтерге сүйенсек, шолақ мылтық, мылтық және тапаншаның әлемдік айналымының 50 пайызы ғана заңды. Заңсыз алынған арсеналдардың шығу тегі мен бар-жоғын анықтау қиын. Әсіресе 640 миллион қару халықтың жеке меншігінде болса, тіпті күрделі болмақ. Жыл сайын оны пайдаланудан 30 мыңға жуық адам қайтыс болады. Бұл күн мемлекеттердің қару-жарақ алу және иелену туралы заңдарын күшейтуді талап етеді.

 

Мұндай бастамаларға қалай қарайсыз?

👥9 шілде – өмірге келген шығармашыл адамдар. 64 жыл бұрын қазақ мүсіншісі, Қазақстан Тәуелсіздік монументінің авторы Әділет Жұмабай (1959-2014) дүниеге келді. Ол Алматы қаласындағы Республика алаңында орнатылған «Тәуелсіздік монументі» композициясының құрамындағы «Барыс үстіндегі Алтын адам» ескерткішін, «Сақтар» мен «Қазақтар» барельефтерін жасаған. Сонымен бірге бүгін «Оскар» сыйлығын екі мәрте иеленген америкалық актер Том Хэнкс 67 жасқа толды. Өнер иесі кино тарихындағы ең табысты актерлердің арасында үшінші орында тұр. 2018 жылы Хэнкс қатысқан фильмдер 9 миллиард доллардан астам кіріс жинады.

 

Сізге Том Хэнкстің қай фильмі ұнайды?