Юсуф Ашрапов, Туркия, Көмір. 28-ші шілденің топ жаңалықтары

Автор: редактор 28 Шілде, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Қазақстандық палуан Юсуф Ашрапов әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды.

Бұл туралы Olympic.kz сайты хабарлады.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жерлесіміз Юсуф Ашрапов қола медаль үшін таласты. Оған қарсы ирандық палуан Абольфази Миршакар шықты. Тартысты белдесуде қазақстандық спортшы қарсыласынан айласын асырып, бір ұпаймен (11:10) жеңіске жетті.

Бұған дейін 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Арсен Жұма армениялық Тигран Галстянды тізе бүктіріп, қола медаль ұтып алған болатын.

Құтты болсын!👏🏻👏🏻👏🏻

2️⃣ Қазақстан мен Түркия арасында әуе рейстерінің саны 2 есе артады.

27 шілдеде екі елдің авиация органдары арасындағы ресми келіссөздер барысында осындай уағдаластыққа қол жеткізілді, деп хабарлайды индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстандық делегацияны азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, түрік делегациясын Түркия авиациялық билігінің бас директоры Кемал Юкшек басқарды. Келіссөздерге қазақстандық Air Astana және SCAT, сондай-ақ түркиялық Turkish Airlines, Pegasus Airlines, Tailwind Airlines, Freebird Airlines әуе компанияларының өкілдері қатысты.

«Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы рұқсат етілген рейстер санын 2 еседен артық, әр тарап бойынша аптасына 40-тан 93 рейске дейін, соның ішінде Нұр-Сұлтан – Ыстамбұл бағыты бойынша рейстер санын 7-ден 14-ке дейін, Алматы – Ыстамбұл бағыты бойынша аптасына 13-тен 21 рейске дейін арттыру туралы келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар екі ел аумағында рейстер ұшатын жаңа қалалар қосылды», – делінген хабарламада.

Түркияға демалып барушылар көбейіп жатқан сияқты. 😍👍

3️⃣ Қазақстан көмірді әкетуге алты айға тыйым салмақ. Министрлік көмірге сұраныс жоғары кезеңде халық арасында дүрлігуге жол бермеу үшін осындай шара қабылдауды көздеп отыр.

Қазақстан автокөлікпен көмір әкетуге жарты жылға тыйым салуды жоспарлап отыр. «Ашық НҚА» порталында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бұйрығының тиісті жобасы жарияланды.

«Қазақстан Республикасының аумағынан тас көмір; тас көмірден алынған брикеттер, шекемтастар және қатты отынның ұқсас түрлерін алты ай мерзімге автокөлікпен әкетуге тыйым салынсын», – делінген құжатта.

Индустрия министрлігі түсіндіргендей, былтыр қыркүйекте күннің ерте суытуына байланысты елдің орталық және солтүстік өңірлерінде көмірге сұраныс күрт өсті. Кейбір алыпсатарлар осы жағдайды пайдаланып, көмірді тым қымбатқа сатқан, яғни өздері бір тоннасын 13 мың теңгеден сатып алып, халыққа 30 мың теңгеден сатқан.

Сондай-ақ 2021 жылы 123 мың тонна қазақстандық көмір Қырғызстанға әкетілді.

Бұл шешімге қалай қарайсың?)