Ютуб, Наурыз, Демалыс. 13 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 13 Наурыз, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Биылдан бастап Наурыз мейрамы 10 күн бойы тойланады.

Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаевтың айтуынша, биылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланады. Бұдан былай жыл сайын 14 – 23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі өткізіледі.

«Тарихи тұрғыдан алғанда, жаңа жылды тойлау 8-9 күнге жалғасып, оны «Наурызнама» деп атаған. Әрине, бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз – Махмұд Қашғаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған», – деді Барлыбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Наурызнаманың бағдарламасы:

14 наурыз күні – Көрісу күні-Амал мерекесі тойланады. Бұл дәстүр негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Бүгінгі күні аталған мерекені
барлық аймақтарда тойлау ұсынылды.

15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Ол күні қазақтың мәдениеті, өнері мен ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталады.

17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді.

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Қазақтың ұлттық киімдерін насихаттауға арналған түрлі іс-шараларды өткізу ұсынылып отыр.

19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.

21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау болып табылады.

22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

Ал Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.

«14-23 наурыз аралығында «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өткізу, жеңілдіктер жасау жоспарланып отыр», – деп атап көрсетті Барлыбаев.

Бүгінде Наурыздың бірегей логотипі де бекітіліп, барлық аймаққа жіберілді.

Мейрам бағдарламасы жарияланыпты🔥

2️⃣ Қазақстандық оқушылар Наурыз мейрамына арналған республикалық челлендж аясында барлығы бір уақытта күй тартады.

Қазақстандық оқушылар Наурыз мейрамына арналған республикалық челлендж бастауға бел буып отыр. Барлығы бір уақытта күй тартады.

20 наурыз күні сағат 12:00-де барлық мектепте домбырашылар челленджі өтеді. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың музыкадағы шығармашылық жетістіктерін көрсету және домбыраны дәріптеу.
Министрліктің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекованың айтуынша, челленджге ешкімді міндеттемейді. Балалар өз қалауымен қатысады.

«Бұл челлендж былтыр алғаш рет өтті. Домбыраның күмбірлеген үні бір уақытта барлық білім беру ұйымында естілді. Бұл еліміздің мәдени өмірі үшін елеулі оқиға. Шаралар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткізіледі», – дейді Медетбекова.

Айта кетері, биыл жалпы білім беретін мектептерде Наурыз мейрамы 14-23 наурыз аралығында өтеді. Осы күндері тақырыптық челлендждер, жалпыұлттық экологиялық акция және ұлттық ойындардан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.

Керемет көрініс болайын деп тұрған сияқты😍👍


3️⃣ YouTube Premium қызметі енді Қазақстанда қолжетімді.

YouTube Premium қызметі енді Қазақстанда қолжетімді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Telegram-дағы парақшасында хабарлады.

Министр өткен жылдың наурыз айында Кремний алқабына жұмыс сапары барысында мен Youtube өнімдерін басқару жөніндегі вице-президент Адам Смитпен кездесіп, сервистің Қазақстанда іске қосылуын талқылағанын атап өтті. Ал бүгін қазақстандықтарға соның нәтижесін бөлісті.

“Қолданушылар мен контент жасайтындарға жаңа мүмкіндіктер ашатын YouTube Premium енді Қазақстанда. Бұл оқиға елдің цифрлық инфрақұрылымын дамыту мен оны жаһандық желіге біріктіруде жасаған елеулі қадам. Басқа қызметтермен қатар YouTube Premium-ді қолдану бейне мен музыкалық мазмұнға жарнамасыз шексіз қол жетімділікті, бейне материалдарды офлайн режимде көру үшін оны жүктеу мүмкіндігін және басқа қосымшаларды қатар қолдану кезінде оны фондық режимде де тыңдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар қазір цифрлық экономиканы дамыту мен Қазақстандағы жергілікті контент-жасаушыларды қолдау мүмкіндіктері күн тәртібінде екенін атап өткім келеді”, – деп жазды министр. ⠀

Ал сіз қосылдыңыз ба?🤔