Көктайғақ,Қор, Азаматтар. 16 қарашаның топ жаңалықтары

Автор: редактор 16 ноября, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Қазақстандық ғалымдар көктайғаққа қарсы жаңа материал ойлап тапты.

Қазақстандық ғалымдар көктайғаққа қарсы жаңа материал ойлап тауып, оны патенттеді.

«Оның басқа мұзға қарсы төсеніштен айырмашылығы Қазақстанда әзірленген жаңа реагент аяқ киімді бүлдірмейді, асфальтты бұзбайды және экологияға зиян келтірмейді», — делінген хабарламада.

Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Kaztraffic-2023 жол көрмесінде жақында патенттелген көктайғаққа қарсы материалдың тұсаукесерін өткізді, деп нақтылады ведомствода.
Ғалымдардың айтуынша, отандық өнімнің басты ерекшелігі 30°C аязда да мұзды ерітіп жібереді. Көктайғаққа қарсы жаңа материалдың құрамында кальций бар, ол бетон жабындарының беріктігін нығайтады және олардың бетін қабыршақтанудан қорғайды, ал фосфор жол бойындағы өсімдіктерге жақсы әсер етеді.

Өнертабыс авторлары жаңа материалдың құрамында жолдарды бұзып, өсімдіктерге зиян келтіріп және аяқ киім мен автомобиль дөңгелектерін тоздыратын натрий хлориді немесе қарапайым тұздың жоғын айтады.
«Біз шетелдік көктайғаққа қарсы технологиялар 10°C аязда да мұзды жартылай ғана ерітетінін байқадық. Күн одан қатты суыса, мұз қайта қатып қалады. Бұл мәселені шешу үшін біз түбегейлі басқа көктайғаққа қарсы материал әзірледік. Оның құрамы мұзды тез ерітеді және 30°C аязды күндері жолда мұздың қатып қалуына жол бермейді», — деп қосты баспасөз қызметі.

Тәжірибелік учаскеде сынақтан өткеннен кейін институт инвесторларды жаңа өнімді және көктайғаққа қарсы жаңа құралды кеңінен өндіріске қосуды жоспарлап отыр.

Енді тайғақтық салдарынан болатын түрл келеңсіз жайттан алдын алуға болады. 🔥

2️⃣ Президент «Ұлттық қор – балаларға» жобасына қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Заңға сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-і балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтау шоттарына аударылады. Бұл ақшаны мерзімінен бұрын алуға тыйым салынады.

Бала кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын баспана сатып алуға немесе оқу ақысын төлеуге жұмсай алады. Алайда бала азаматтығын өзгерткен немесе жоғалтқан жағдайда төлем алу құқығынан айырылады. Ұлттық қордан берілетін қаражатқа салық салынбайды.

Есепшоттағы ақша доллармен жинақталады. Ал төленетін кезде сол күнгі курспен теңгеге аударылады.
Балалар ақшаны мақсатқа сай пайдалануы үшін БЖЗҚ жиналған қаражатты екінші деңгейлі банкте немесе ұлттық пошта операторында ашылған шотқа жібереді.

Айта кетері, 18 жасқа толған азамат шотты өзі қалаған банктен аша алады.
Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған ақшасын алмаса, ол шотта 10 жыл бойы сақталады. Он жылдан кейін де қажет болмаса, қаржы сол адамның зейнетақы шотына аударылады.

Жоба 2024 жылы қаңтарда іске қосылады. 👍

3️⃣ Елімізде жиырма миллионыншы азамат дүниеге келді.

“20 миллионыншы азаматтың туған күні барлық қолда бар демографиялық деректерді ескере отырып айқындалды: Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген және одан шыққан, туғандар мен қайтыс болғандардың саны. Бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететін. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы бұл процесті жеделдетуге және 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен және қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берді”, — делінген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.

Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды.

Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.

Естеріңізге сала кетейік, 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адамды құрады. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті. Мәселен, 2022 жылы 1991 жылмен салыстырғанда туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7% өсті.

Бала туудың ең жоғары мәні 2021 жылы тіркеліп, 446 мың баланы көрсеткен. Табиғи өсімнің артуы, оның ішінде нәресте өлімінің азаюы нәтижесінде қамтамасыз етілді. Жалпы өлім-жітім 1991 жылғы 8,20-дан 2022 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 6,8 адамға дейін төмендеді. Сәбилер өлімінің коэффициенті 3,5-тен астам есе төмендеген.

Халықтың 1000 адамға шаққандағы туу көрсеткішін көрсететін жалпы туу коэффициенті Тәуелсіздік жылдары 1991 жылғы 21,6-дан 2021 жылы 23,6-ға дейін өсті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 20,7 болды.

Ең маңызды демографиялық көрсеткіштердің бірі болып табылатын туудың жиынтық коэффициенті 1991 жылғы 2,7-ден 1999 жылы 1,8-ге дейін төмендеді. Кейіннен оның біртіндеп өсуі байқалды. 2022 жылы туудың жалпы коэффициенті 1 әйелге 3,05 баланы құрады.

Орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 6,8 жылға өсті, бұл ретте ерлер арасында 7,7 жылға, әйелдерде – 6 жылға өсті. Осылайша, 2022 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды құрады. Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден 1,3 жылға асады.

Құтты болсын! 👏🏻😍 Қазақстанның әрбір тұрғыны аман болсын!