Көмек, Күзет, Банкрот. 1 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 01 марта, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстанда банкрот деп танылған 10 мыңға жуық азаматтың несиесі кешірілді.

КТК арнасының мәліметінше, жеке тұлғалардан 86 мың өтініш келіп түскен. Оның жартысынан көбі мақұлданбаған. Себебі, бұл азаматтардың берешегін кешіктіріп төлеу мерзімі 12 айдан аспаған.
Банкпен несие рәсімдеген құжатын да жоғалтып сергелдеңге түскендері бар. Ал енді не өзінде, не отбасы мүшелерінде тіркеуде мүлкі барларының өтініші мақұлданбаған.
Айта кетейік, «Жеке тұлғаларды банкрот деп тану туралы» заң былтырдан бастап күшіне енген. Бұл санатқа кіргендер бес жылға дейін банктен кредит ала алмайды. Сондай-ақ оның қаржы ахуалына үш жыл бойы бақылау жүргізіледі. Жеті жыл ішінде өзін қайтадан банкрот деп жариялай алмайды.

«9871 қазақстандықтың несиесі кешірілді. Соның ішінде, 944 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұл азаматтардың енді қаржы сауатын арттыру үшін жұмыс істейміз», – деді мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов.

Бұл шамамен 20 миллиард теңгедей қаржы екен.👍

2️⃣ Қазақстан Президентінің күзетшісі қызметіне іріктеу басталды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі қатарына мерзімді әскери қызметке іріктеу басталады.

ҚР МКҚ өкілдері барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда үміткерлерді таңдау және зерделеу жүргізеді.

Үміткерлерге келесі талаптар қойылады:

* жасы 18-27 арасында,
* бойы 180 см-ден төмен емес және 195 см-ден жоғары емес,
* білімі орта білімнен төмен емес,
* денсаулығы жақсы.
* Жоғары білімді, спорттық жетістіктері мен разряды бар шақырылушыларға басымдық беріледі.

ҚР МКҚ қатарына өткен шақырылушылар мерзімді қызметін Астана және Алматы қалаларындағы 0112 және 0111 әскери бөлімдерінде атқарады.

«ҚР МКҚ мерзімді қызмет сарбаздарының әрі қарай кадрлық тұрғыдан өсуге мүмкіндігі бар. Мерзімді қызмет аяқталған соң олар өз қалауы бойынша келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыра алады, одан әрі арнаулы мемлекеттік органның қызметкері және офицері болып, күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді атқара алады”, делінген ҚР МКҚ баспасөз қызметі хабарламасында.

2024 жылғы 1 наурыз бен 5 сәуір аралығында жүргізіледі екен. Бағыңызды сынап көріңіз!📌

3️⃣ Астанада қасындағы досын құтқаруға уақтылы көмек шақырған 7 жасар бала марапатталды.

Сарыарқа ауданы ПБ полиция бөлімінің бастығы Қадыр Малғаздаров досының суға батып бара жатқанын көріп, балықшыларды көмекке шақырып үлгерген 7 жастағы Пусь Дархан есімді балаға ризашылығын білдіріп, марапатын ұсынды. Сондай-ақ суға батып бара жатқан баланы құтқарған балықшы Абдужапбар Абдураимовқа да бағалы сыйлық табыс етілді. Аталған оқиға бойынша «102» жедел арнасына Есіл өзенінің жағалауында балықшылар кәмелетке толмаған баланы судан алып шыққаны туралы хабар түсіп, жедел түрде автопатруль жіберілген.

Анықталғандай, 7 жастағы бала құрбысымен жағалау бойымен серуендеуге барып, ойнап жүріп мұзға шыққан. Бір мезетте мұз жарылып, балалардың бірі суға құлап кеткен. Жақын жерден балықшыларды көрген бала жүгіріп барып,  көмек сұраған. Суға батып бара жатқан балаға дереу жеткен балықшылардың жедел әрекетінің арқасында, құлаған бала құтқарылып, кейін жедел жәрдем шақырылған. Қазіргі уақытта баланың денсаулық ахуалы жақсы.

Өзінің жасына қарамастан, жедел көмектесіп, үлкен іс атқарыпты!👏🏻