Көрермен, Стипендия, Балалар. 22 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 22 декабря, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстандықтар орындаған “Түркі әлемінің әнұраны” әлем бойынша миллиондаған көрерменнің назарын аударды.

Еліміздің “ТҰРАН” этно-фольклорлық ансамблі “Ер Тұран” композициясының жаңа үлгідегі бейнебаянын көпшілік назарына ұсынды. Бұл туралы tengrinews.kz хабарлады.

Ансамбль солисі Бауыржан Бекмұханбет топтың музыкалық туындысын түрлендіріп, композицияға жаңа дыбыс беріп, капелла күйінде орындауды жөн көргенін айтты.

“Әлеуметтік желіде кең етек жайған бейнебаянда 2011 жылы Исраил Сапарбайдың сөзіне жазылған “Ер Тұран” композициясын орындадық. Бұл — түркі әлемінің әнұраны. Біз дыбысты өзгертіп, шоу жасағымыз келді. Себебі аталмыш композицияға жаңашылдық енгізуді қаладық. Осылайша оны капеллада орындап, аспаптардың дыбысын өз дауысымызбен бейнелеуді жөн көрдік.”, – дейді Бауыржан.

Бейнебаян 11 миллионға жуық қаралым мен 18,5 мыңға жуық пікір жинады. Мұнда миллиондаған көрермен әлемнің түкпір-түкпірінен әртістерге қолдау көрсетті.

Ал сіз тыңдадыңыз ба?😍

2️⃣ 167 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды.

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның шешімімен 167 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды.

Оның ішінде 131 адам магистратурада, 4 адам докторантурада оқиды, 32 қазақстандық әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберіледі.

Бұл ретте стипендиаттардың басым көпшілігі инженерлік-техникалық бейін бағыттары бойынша даярлықтан өтеді. Оқыту 66 мамандық бойынша жүргізіледі.

Биыл «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау бойынша инженерлік-техникалық мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінді. Инженерлер мен медицина қызметкерлеріне, магистратураға үміткерлерге квоталар енгізілді. Олар оқуды бастамас бұрын 12 айға дейін тілдік дайындықтан өте алады, ол үшін стипендияға өтініш берген кезде университеттен шақыру қажет емес.

Үміткерлер University of Aberdeen, University of Illinois at Urbana-Champaign, Australian National University, University of Oxford сияқты әлемдік рейтингтер қатарына кіретін жоғары оқу орындарына түсті. «Ақпараттық технологиялар және жүйелер», «Үлкен деректерді талдау», «Құрылыс инженериясы» және «Геология. Тау-кен ісі. Геодезия» сияқты мамандықтар үміткерлердің үлкен қызығушылығын тудырады.

Сондай-ақ, шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның шешімімен 481 қазақстандық әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту үшін грант иегері атанды. Стипендиаттар 9 бағыт бойынша зерттеулер жүргізеді: инженерлік ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары, гуманитарлық сала, агроөнеркәсіптік кешен, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, әлеуметтік ғылымдар, білім, медицина, өнер.

«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің төртінші легінің тізімін мына жерден көруге болады.

Құтты болсын!👏🏻

3️⃣ “Bala Qorgau” телеграм-ботына 500-ге жуық өтініш келіп түскен.

Жыл басынан бері ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің «Bala Qorgau» телеграм-ботына 500-ге жуық өтініш келіп түсті. Сұрақтардың басым бөлігі отбасындағы жанжалдарға, балалар мен педагогтер арасындағы қарым-қатынасқа, сондай-ақ жәбірлеуге қатысты болды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Балалардың құқықтарын қорғау комитеті әрбір өтінішке баса ден қойып, әрбір мәселені толық шешілгенге дейін мұқият қадағалайды. Барлық сұраныстар тәулік бойы өңделеді. Ата-аналар мен балалардың құқықтық және психологиялық көмекке мұқтаж екені байқалады. Балаларға психологиялық қолдау шұғыл түрде қажет екені анық. Көптеген жұмыс басты ата-аналар балаларына жеткілікті түрде уақыт пен көңіл бөлмейтіні анық. Осыған орай Комитет ата-аналарды балалармен тығыз қарым-қатынас құрып, барынша көп уақыт бөлуге шақырады. Бұл қайғылы жағдай мен оқыс оқиғалардың алдын алу үшін маңызды”, — деп жеткізді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, аталған бағыттағы жұмыс жалғасын таппақ. Бүгінде әркім “Bala Qorgau” чатына жүгіне алады, оның QR-коды барлық білім беру ұйымдарында орналастырылған. Бұл ресурс мектепте, үйде және көшеде қиындықтарға тап болған оқушылар мен олардың ата-аналарына көмектесуге бағытталған.

“Bala Qorgau” чатына барлығы жүгіне алады.📌