Көрме, Грант, Турнир. 10 мамырдың топ жаңалықтары

Автор: редактор 10 мая, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған көрме ашылды.

Алматы музейінде жеңіс туын тіккен халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ерліктің өшпес даңқы» атты көрме өтіп жатыр.

Экспонаттар Қазақстан Республикасының Қарулы күштері әскери-тарихи музейі мен Алматы музейі қорынан алынған. Онда Ұлы Отан соғысы батырларының фотосуреттері, құжаттары мен марапаттары, соғыс кезіндегі қару-жарақтар бар.

Сондай-ақ Кеңес Одағының батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов және 1945 жылы Жеңіс шеруіне қатысқан, Қазақ КСР ішкі істер министрі Андрей Георгиевич Платаевтың әскери киімдері мен медальдары да көрме экспозициясына қойылды.

Көрме 13 мамырға дейін жалғасады.

Міндетті түрде тамашалап қайтыңыздар!😍

2️⃣ Қазақстанда бірнеше мамандық бойынша грант саны артады.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов жылу және электр энергетикасы саласында маман тапшылығы мәселесін пысықтауды тапсырды.

«Оқу орындары жоғары білікті инженерлерді, энергетиктерді, гидротехниктерді, энергоаудиторларды, электриктерді және басқа да мамандарды даярлап шығаруға тиіс. Сондай-ақ аға буын кадрлардың білімі мен тәлім-тәжірибесін жастарға беру мәселесін қамтамасыз ету керек. Еліміздің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйелердің тұрақты жұмысы осыған байланысты», — деді Бектенов үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьер-министр жылыту маусымына дайындық бойынша барлық іс-шаралар жоспарын 15-мамырға дейін бекітуді де тапсырды.

Бітіруші түлектерге жақсы мүмкіндік болды!👍


3️⃣ Ғалия Тынбаева қазақ қыздары арасында бірінші рет Grand Slam турнирінің жеңімпазы атанды.

Дзюдодан Қазақстан командасының мүшесі Ғалия Тынбаева Астанада өтіп жатқан Grand Slam турнирінде топ жарды. Бұл туралы Ұлттық олимпиадалық комитет жазды.

Әйелдер арасында 48 келі салмақта өткен финалдық белдесуде Ғалия ресейлік Сабина Гилиязованы жеңді. Қазақстандық спортшы алдымен ваззари, кейін иппон ұпайын алып, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.
Осылайша, Ғалия Тынбаева қазақ қыздары арасында тұңғыш рет Grand Slam додасының алтынын алып отыр. Ол турнирдің финалына өз мансабында алғаш рет шыққанын да айта кету керек.

Құтты болсын!👏🏻