Көшпелі қазақ қолөнердің маңыздылығын күнделікті тұрмыста қалай көрсетті?

Автор: редактор 17 Тамыз, 2022


Көшпелі қазақ қолөнердің маңыздылығын күнделікті тұрмыста қалай көрсетті?

💭 Қазақ халқы күнделікті тұрмыстық қажеттіліктеріне байланысты қолөнер кәсібіне де айрықша мән берген. Мәселен, үй-жай салып, киім-кешек тігіп, азық-түлік өндірумен қатар әсем бұйымдар жасап, оларды сауда айналымына шығарып отырды.

Халықтың қолөнеріне әдет-ғұрып жабдықтары, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал жабдықтар да кірді. Осы сынды көптеген заттты халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасады.

📌 Қолөнер, ұсталық мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына ғана емес, сонымен бірге әртүрлі тапсырыстар орындауға, базарға шығарып сататын бұйымдар жасауға да арналды.

✔️ Солардың бірі кесте және көркемдеп тігу.
Кесте өнерінің қазақ халқына тән байырғы көне түрлері: біз кесте, айқас тігу, айқыш-үйқыш тігу, басып тігу, қайып тігу. Біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар. Кесте дөңгелек немесе төрт бұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген материалдың бетіне түсірілген ою-өрнек бойынша қарамақты бізбен өткермелеп шалу арқылы кестеленеді. Шым кесте деп тігілетін материалдың ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестелеген шымқай кестені айтады.

✔️ Әредік кестеде материалдың әр жері өшекейленіп, бөлек-бөлек өрнек салынады. Шым кесте, тұс киіз, сандыққап, мақпал шапан, орамалдың алақаны, жастық жапқыш, кежім, сәукеле сияқты басқа да көптеген заттарға төгіледі немесе бөлек материалға төгіп қондырылады. Әредік кесте тақия, балақ, өңір, жаға, етекке және кең қоныш етіктердің бұрыш-бұрышы, перделердің шеттері сияқты заттарға төгіледі немесе бөлек төгіп қондырады.

✔️ Қазақтың ұлттық қолөнерінде ағаштан көптеген заттар жасалады. Балташылар, ағаш ұсталары, ершілер қайыңды, үйеңкіні, үйшілер, ағаш ойып, шыбық өріп тоқушылар талды пайдаланады. Балташылар үй борайды, еден төсеп, арба, шана, жақтау, қақпа, тіреу сияқты ірі заттарды істейді.

✔️ Ағаш ұстасы стол, шкаф, сөре, орындық, кебеже, асадал, рамалар жасайды. Ағаш оюшылар оны жонып күйдіреді де бояулап өрнектейді. Шыбық өрушілер, тоқушылар қамыстан, шидан қорап, шыпта, орындық, шарбақ сияқты заттарды өреді. Бұл жұмысқа бұтақсыз, оқырасы жоқ, таза ағаш таңдап алынады.