Камера, Иманбек Зейкенов, Құрмет белгісі. 24-ші тамыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 24 августа, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Алматы полициясы түкірген адамдардың фото мен видеосын «102» қосымшасы арқылы жіберуді сұрады. Тәртіп бұзғандарға 15900 теңге айыппұл салынады.

Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.

Қазіргі кезде жедел басқару орталығының мамандары бейнебақылау жүйесі арқылы тәртіпті бұзатындарды анықтап, патрульдік полицияға жылдам хабар бере алады.

Алайда «102» қосымшасы арқылы фото мен видео қабылдауға да болады.

«Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті бұзу және қоғамдық орындарды ластау туралы иллюстрацияларды жіберуге шақырамыз. Көрсетілген ресурс арқылы тәулік бойы 20 оператор бейне қоңыраулар, аудио немесе SMS-хабарламаларды қабылдайды. Қабылданған шаралар туралы өтініш авторларына белгіленген мерзімде хабарланады», — дейді депаратмент қызметкерлері.

Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері «102» қосымшасы арқылы 500-ге жуық хабарлама түскен. Басым бөлігі көше түкірген адамдарды жазалауды сұрайды.
Жарты жылдың ішінде осы құқықбұзушылық үшін 5 613 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетері, 434-ші бап (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш (15 900 теңге) мөлшерінде айыппұл салу жазасы қарастырылған. Ал осы әрекет бір жылдың қайталанса, 31 180 теңге төлеуге тура келеді.

Сен көшеде түкіргендерді байқап жүрсің бе?🤔

2️⃣ Танымал қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов «Зауыт» атты жаңа веб-сериалға түсті.

Бұл туралы Salem Social media әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Беделді Грэмми жүлдесінің иегері негізгі актерлік құрамға кірді.
Иманбекпен бірге веб-сериалда блогерлер Ілияс Көпжасаров пен Хәкім Мукарам ойнайды. Қазіргі уақытта танымал музыкант жобадағы түсірілім жұмыстарын аяқтады.

Сондай-ақ белгілі әртістер Қобыланды Болат пен Аружан Жазылбекова басты рөлдерді сомдайды.

Сериалдың сюжеті бойынша, бай отбасынан шыққан ерке жігіт Олжасты (Қобыланды Болат) Павлодардағы зауытқа қарапайым жұмысшы ретінде жібереді. Ол жерде басты кейіпкер түрлі қиындыққа тап болады, жаңа адамдармен танысады.
Сериалдың түсірілімі 3 тамызда басталды және 22 күнге жалғасады. Релизі биыл күзге жоспарланып отыр.

Құтты болсын! Асыға күтеміз😍👏🏻

3️⃣ Қазақстанда ұстаздарға арналған жаңа құрмет белгісі пайда болады. Оқу-ағарту министрлігі «Ұстаздық қызметіне адалдығы үшін» құрмет белгісін тағайындауды жоспарлап отыр.

Жаңа марапат еңбек өтілі 25 жылдан асқан мұғалімдерге беріледі.
Министрлік салалық ынталандыру жүйесін бекіту туралы бұйрыққа өзгерістер енгізуге бастама жасаған.

«Ұстаздық қызметіне адалдығы үшін» құрмет белгісі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының педагогтеріне беріледі. Төсбелгімен 25 жылдан астам уақыт ұстаздық еткен мұғалімдер марапатталады. Осылайша өз ісіне адал, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуға зор үлес қосып жүрген ұстаздарды ынталандырғымыз келеді», – деді оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова.

Айта кетері, оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің жалақысын көбейту, есеп беру мен міндетіне жатпайтын артық функциялардан босату бойынша жұмыстарды жүргізіп келеді.

Расымен, ұстаздар әрқашан құрметке лайықты👏🏻