Карл |||, Өмір ағашы, Розыбакиев көшесі. 9-шы қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 09 Қыркүйек, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Карл III Ұлыбританияның монархы болып ресми түрде 10 қыркүйек жарияланатын болды.

Бұл туралы Daily Mail басылымы жеткізді.

Басылым мәліметінше, сенбі, 10 қыркүйекте, Құпиялық кеңестің лорд-президенті Пенни Мордаунт, патшайым Елизавета II-нің қайтыс болғанын жариялайды және мәлімдеме дауыстап оқылады.

Содан кейін Чарльз III патшайым қайтыс болғаны туралы жеке мәлімдеме жасап, 18 ғасырдағы дәстүр бойынша Шотландия шіркеуін қорғауға ант береді.

2️⃣ Елордада «Өмір ағашы» монументі бар жаңа саябақ салынады.

Нұр-Сұлтан қаласында жаңа Бейбітшілік пен келісім саябағы пайда болады. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің делегаттары болашақ саябақтың капсуласын салуға қатысады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне дайындық аясында Қазақстандағы түрлі конфессиялар мен ұлттар арасындағы ынтымақтастықты, достық пен бірлікті бейнелейтін табиғи-рекреациялық саябақтың тұжырымдамасы әзірленді.

Бейбітшілік пен келісім саябағы Есіл өзенінің бойында орналасады.
Қала әкімдігінің Урбанистика орталығының мамандары жобаның негізгі идеясы – «Өмір ағашы» монументі болатынын атап өтті. Бұл құрылыс күмбез түрінде жасалады, оның ортасына емен ағашын орналастыру жоспарланып отыр. Ағаш спиральмен және үйлесімді субұрқақпен – су айдынымен қоршалады.

«Автор идеясына сәйкес, ғасырлар бойы тамыры тереңде жатқан су мен өмір ағашы Жер бетіндегі тіршіліктің адамзатқа ортақ құндылығын айшықтайды. Осылайша, инсталляция барлық конфессияның келісімге, бейбітшілік пен достыққа шақыруын білдіреді. Күмбез аспан астындағы әлемді бейнелейді. Онда Оңтүстік, Солтүстік, Батыс және Шығысты білдіретін 4 кіру аймағы болады», – деп түсіндірді Урбанистика орталығы.

Керемет😍

3️⃣ Алматыда жөндеу жұмыстарына байланысты Розыбакиев көшесі уақытша жабылады.

9 қыркүйек сағат 22.00 мен 10 қыркүйек сағат 06.00 аралығында Розыбакиев көшесінің Абай даңғылынан Шевченко көшесіне дейінгі бөлігінде көлік жүрісі уақытша толық шектеледі.

Бұл туралы қалалық мобильділік басқармасы хабарлады.

«Жол жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 9 қыркүйек сағ. 22.00 мен 10 қыркүйек сағ. 06.00 аралығында Розыбакиев көшесінің Абай даңғылынан Шевченко көшесіне дейінгі бөлігінде көлік жүрісі уақытша толық шектеледі», – делінген хабарламада.

Бұл жұмыстар жолды орташа жөндеу аясында жоспарланғаны атап өтілді.

«Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз және жол жүру бағыттарыңызды алдын ала жоспарлауларыңызды сұраймыз», – деп қосты департамент өкілі.

Сондықтан басқа көшемен жүруге кеңес береміз☝🏻