Каспий, Балмұздақ, Сейілда Байшақов. 12 шілденің топ жаңалықтары

Автор: редактор 12 Шілде, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Каспий теңізінің тартылу ауқымы ғарыштан көрсетілді.

Ғарыштық мониторинг Каспий теңізінің тартылу ауқымын көрсетті. Бұл туралы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ баспасөз қызеті мәлімдеді.

Тарихи кезең ішіндегі (15 жыл) әртүрлі уақыттағы ғарыштық түсірілім деректері бойынша Каспий теңізінің жағдайына мониторинг жүргізілген. Ғарыштық түсірілімдердің мұрағат деректеріне сәйкес, Қазақстан акваториясының солтүстік бөлігінде теңіз түбі көрінді, Каспий теңізі тартылып барады.

Жерді қашықтықтан зондтау деректері бойынша кейінгі 15 жылда Каспий теңізінің Қазақстандық секторының акваториясы айтарлықтай қысқарған (7,1 пайызға).

Төменде Қазақстан Республикасының шекарасында 2008-2023 жылдар аралығындағы су бетінің ауданындағы өзгерістер динамикасы көрсетілген. Қазақстан бөлігіндегі Атырау қаласына жақын жерде (Жайық өзенінің атырауы) теңіздің кең тартылған аудандары байқалады.

Мұны ғарыштық мониторинг көрсетті.📌

2️⃣ Қазақстан футболының аңызы Сейілда Байшақов қайтыс болды.

Қазақ футболының аңызы, ҚР ардагерлер футболы одағының президенті, Қазақстан футбол федерациясының кеңесшісі Сейілда Байшақов 73 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Сейілда Икрамұлы 1950 жылы 28 тамызда дүниеге келген. КСРО спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбегі сіңірген жаттықтырушысы болды. Ұзақ жылдар бойы алматылық «Қайраттың» капитаны болып, КСРО ұлттық құрамасында ойнады.

Әр жылдары «Қайрат» футбол клубы» АҚ бірінші вице-президенті, Қазақстан Республикасы мини-футбол қауымдастығының президенті, Қазақстан футбол одағының төрешілер комитетінің төрағасы, Қазақстан футбол одағының вице-президенті, Қазақстан футбол федерациясының балалар және жасөспірімдер футболы бойынша жетекші маман қызметтерін атқарды.

Иманды болсын!🙌🏻

3️⃣ Қазақстанда 5 айда 19,7 мың тонна балмұздақ өндірілді.

Биылғы 5 айда Қазақстанда 19,7 мың тонна балмұздақ пен тағамдық мұз өндірілді. Өткен жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда бұл 38,1% артық. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Жалпы 2022 жылы Қазақстанда 41,3 мың тонна балмұздақ өндірілді. Осы ретте 9,2 мың тонна өнім импортталған, сырттан әкелінетін өнімнің үлес салмағы – 18,3%. Өзге елдерден балмұздақ жіберетін елдердің алғашқы үштігіне Ресей (5,6 мың тонна), Қырғызстан (2,1 мың тонна) және Түркия (911,5 тонна) кіреді. Сондай-ақ өткен жылы балмұздақ Беларус, Украина, Бельгия, Франция, Италия, Швейцария және Кореядан әкелінді.
«Өткен жылдың 12 айында 5 мың тонна балмұздақ экспортталды. Қазақстаннан өнім ТМД елдеріне (4,9 мың тонна), сондай-ақ Моңғолияға (72,6 тонна) жіберілген», – деп жазды ведомстводан.

Сіздің жиі алатын балмұздағыңыз қандай? 😍