Кесте,Скрипка,Тізім. 29 ақпанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 29 Ақпан, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстанда танымал ТОП-10 туристік орын тізімі жарияланды.

Туризм және спорт министрлігі танымал туристік аймақтардың тізімін жариялады.

Бұған дейін тізімге 10 аймақ кірген. Қазіргі кезде танымал туристік орындардың саны 20-ға дейін кеңейтілді. Олар:

Хан Ордасы (Батыс Қазақстан облысы);

Қарғалы су қоймасы (Ақтөбе облысы);

Туристік кешен (Қостанай облысы);

Щучье-Бурабайдағы «Ақбура» курорттық аймағы (Ақмола обысы);

Имантау-Шалқар курорттық аймақтары (Солтүстік Қазақстан облысы);

Баянауыл (Павлодар облысы);

Қатон-Қарағай курорттық аймағы (Шығыс Қазақстан облысы);

Алакөл курорттық аймағы (Абай мен Жетісу облыстары);

Түрген-Қаскелең тау кластері (Алматы қаласы, Алматы облысы);

«Көксай resort» (Жамбыл облысы);

Балқаш (Қарағанды облысы);

Түркістан (Түркістан облысы);

Байқоңыр ғарыш айлағы (Қызылорда облысы);

Ұлытау ауылы (Ұлытау облысы);

Жылы жағажай (Маңғыстау облысы);

Сарайшық қалашығы (Атырау облысы);

Шымкент – гастрономиялық туризм орталығы (Шымкент қаласы);

Туристік аудан (Астана қаласы).

Министрлік ішкі туризмнің өскенін ескере отырып, атқарушы органдармен бірлесіп аталған туристік бағыттарда инфрақұрылымды дамыту бойынша жол карталарын әзірледі.

Сіз тізімге қандай орындарды қосатын едіңіз?😍

2️⃣ Қазақстандық скрипкашы Руслан Талас халықаралық байқауда екінші орын иеленді.

Германияда Guadanini Foundation 2-ші Штутгарт халықаралық скрипкашылар байқауы өтті. Музыкалық беделді бәйгеде Қазақстан атынан скрипкашы Руслан Талас өнер көрсетіп, жүлделі екінші орынға ие болды.

Байқауда бірінші орынды Оңтүстік Корея скрипкашысы Анна Им иеленсе, үшінші орынды америкалық Мэтью Хаккарайнен жеңіп алды.

Құтты болсын!🔥👏🏻

3️⃣ Сағат белдеуінің ауысуы кезінде Алматы метрополитені штаттық режимде, кестесі өзгеріссіз қызмет көрсетеді.

«29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Алматы уақытымен түнгі сағат 00:10-ға дейін жұмыс істеп, ал 1 наурыз күні жаңа белдеу бойынша сағат 06:20-да метро қайта іске қосылады»,-деп хабарлады метрополитеннің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 1 наурыз сағат 00:00–ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай сағаттық белдеу белгіленеді (UTC+5).
Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан бастап 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00–де) жергілікті уақытты 1 сағат кейінге шегереді.

Ертеңнен бастап уақыт белдеуі ауысады.👍