Kieli Meken,Әскер, Зілзала. 1 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 01 Наурыз, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Димаштың Kieli Meken бейнебаяны Мексика метросында көрсетіліп жатыр.

Бұл туралы Dimashnews.kz хабарлады.

Видео 27 ақпан мен 5 наурыз аралығында сағат сайын көрсетіледі. Мексикандық жанкүйерлер акцияны Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырды. «Dimash Qudaibergen Méxicoficial» фан-клубының жанкүйерлері метро қасбетінде клиптің көрсетілуін екінші рет ұйымдастырып отыр.

Мұнда Димаштың өнерін 3 миллионға жуық адам тамашалайтын болады. 😍👍

2️⃣ Түркиядағы зілзаладан кейін Алматыда сақтық шаралары басталып, дыбыс сигналы іске қосылды.

Бұл туралы төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.

«1 нарызда азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесіне республикалық тексеріс жүргізіліп жатыр. Дыбыстық сигналды естіген кезде қалай әрекет ету туралы нұсқаулар алу үшін теледидарлар мен радиоқабылдағыштарды қосу және интернет-ресурстардағы, мобильді қосымшалардағы ақпаратты оқып шығу қажет», – деп хабарлады ведомство.

Тексеріс барысында электрдабылдар мен дабылды-сөйлеу құрылғылары қосылды.

Осыған орай дүрбелеңге салынбай, түсінушілікпен қарауды сұраймыз, деп мәлімдеді төтенше жағдайлар департаменті.

«Баршаның назарына!!!» дыбыс сигналы – бұл қауіп төнген немесе төтенше жағдай туындаған кезде барлық шұғыл хабарламаны жібермес бұрын, халықтың назарын аудару мақсатында берілетін ескерту сигналы.
Айта кетері, Алматы – сейсмикалық қауіпті аймақтардың бірі. Облыста соңғы бес жылда 40 мың жер сілкінісі болған. Мұндағы жер дүмпулерінің көбі сезілмейді. Оңтүстік астананың сейсмикалық ахуалын үкімет те жіті назарда ұстап отыр.

Бүгін дыбыс сигналын естідіңіз бе?🤔

3️⃣ 1 наурыздан бастап әскерден босату немесе кейінге қалдыру туралы анықтама 18-27 жастағы азаматтардың телефон нөміріне жолданады.

Ұлттық ақпараттық технологиялар қорғаныс министрлігімен бірлесіп проактивті мемлекеттік қызметті іске қосты.

Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.

Министр бірнеше ай бұрын елордалық әскери комиссариаттардың біріне барып, қорғаныс министрлігінің өкілдерімен осы саланы цифрландыру жоспарын талқылағанын айтты. Сонда әскерге шақырылатын жастарды әскери қызметке шақырудан босату немесе кейінге қалдыру мақсатында талап етілетін анықтамалардан арылту мәселесі көп қозғалған.

«Ол үшін бірнеше жүйені біріктіру қажет еді. Араға уақыт салып, бірлескен жұмыстың арқасында нәтижеге қол жеткіздік. Енді осы жылдың 1 наурызынан бастап азаматтар толып жатқан анықтамалар мен құжаттарды ұсынбай, әскери қызметті өткеру туралы өз мәртебесін бір жүйеден біле алады», – деп жазды Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айтуынша, әскерге баруға міндетті ер адамдарға, яғни 18-27 жастағы азаматтарға әскерден босату немесе кейінге қалдыру бойынша анықтама телефон нөмірлеріне жолданады. Хабарлама тек мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтар ғана жіберіледі.

Бүгінгі таңда әскерге шақырылған 300 мыңнан астам жас 1414 нөмірінен ЅМЅ-хабарлама алып үлгерген.

📌 Ал сені әскерге шақырды ма?