Үкімет, Комикс, Теннис. 25 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 25 Желтоқсан, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Леонардо Ди Каприо Қазақстан Үкіметін құттықтады.

Танымал америкалық актер Леонардо Ди Каприо ақбөкендердің қалпына келуіне байланысты Қазақстан Үкіметіне үндеу жасады. Олар «жойылып кету қаупі төнген жануарлар» тізімінен «қатерлі жағдайға жақын» санатқа ауысты.

“Бұрын-соңды болмаған жетістік. Бұл Қазақстандағы ақбөкен популяциясының керемет сақталғанын көрсетеді. 2005 жылы 48 000 болған ақбөкендердің саны қазіргі таңда табиғатта 1,9 миллионға дейін өсті. Браконьерлікпен күрес жөніндегі бастамаларға, құқық қорғау жүйесіне және қорғалатын табиғи аумақтарды құруға қомақты қаржы бөлген Қазақстан үкіметін құттықтаймын. Сіздер табиғатты қорғау ұйымдарымен, университеттермен және ғалымдармен бірлесе отырып, табиғатты қорғау саласында шынайы табысқа қол жеткізудің жарқын мысалы бола алдыңыздар», – деді актер.


2️⃣ Өскемендік оқушы қазақтың тарихын комикс арқылы танытты.

Өскемендік Асыл Сұңғатқызы қазақ ақын-жазушыларының еңбектерін, ертегі-аңыздарды, ұлы тұлғалар жайлы мәліметтерді суретпен әрлеп, бірнеше кітап шығарды. Қазір ол 3 альбомның авторы. Бұл туралы «Хабар 24» арнасы хабарлады.

Асыл Сұңғатқызы «сананы сандық технология билеген заманда әдебиеттен сусындаудың бір жолы – комикс» деп санайды. Сондықтан тарихқа құмар қаршадай қыз үлкен шығармаларды аядай кітапшаға сыйдырып, суретпен әрлеп, қатарластарына ұсынып келеді. Туындыларды кішкентай оқырмандар қызыға оқитын болған.

«Мен «Батыр Баян» поэмасымен былтыр 8-сыныпта танысқан болатынмын. Өте ауқымды поэма, оны түсініп, меңгеріп, мәнін ұйғарып алу өте қиын, сол себепті, менің ойымша, осылай сурет арқылы оқыған тиімдірек сияқты. Сурет арқылы тез оқылады және тез есте қалады», – дейді оқушы Асыл Сұңғатқызы.

Қылқаламға құштар қыз «Батыр Баянды» комикс жанрында сөйлетуге 7 ай жұмсаған. Осы уақытта анасы қасынан шықпай, үнемі қолдау көрсеткен. Себебі шабыты келгенде Асылдың ұйқы көрмей кететіні бар.

Талантты оқушыларымыздың қатары көбейе берсін!👍

3️⃣ Қазақстандық екі жас теннисші 2023 жылдың үздік шетелдік ойыншысы атанды.

Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 14 жасар Ева мен 16 жасар Даниэль Еуропа теннис қауымдастығынан (Tennis Europe Tour) «Жылдың үздік ойыншысы» (Еуропалық одақ елдерінен емес) сыйлығына ие болды.
Е.Корышева жылды Ыстанбұл турниріндегі жеңіспен бастады. Содан кейін Бельгияда бірінші санаттағы жарыста үздік шықты. Ева Tennis Europe рейтингінде жекелей сында жылды 18-орынмен қорытындылады. Ол 24 ұтыс, 5 жеңіліспен (83 пайыз) рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Сондай-ақ жұптық сында екі мәрте чемпион атанды.

Тазабеков Tennis Europe аясында өткен жеті додада бақ сынап, тұрақты жоғары нәтижелерге ие болды. Соның нәтижесінде жыл соңында 20-орынға көтерілді. Оның рекордтық көрсеткіші –15 жеңіс, 7 ұтылыс (68 пайыз). Биыл ол жұптық сында екі рет Испанияда Авилесте Apple Bowl және Италияда Толентино турнирінде (екеуі де бірінші санат) озық шықты.

Өткен жылы осындай атаққа Заңғар Нұрланұлы, ал 2021 жылы Зара Дәркен ие болған еді.

Теннисшілерімізді марапаттарымен құттықтаймыз! 🔥