Кітап, Атамекен, Көпір. 21 қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 21 октября, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстанда алғаш рет республикалық “Ұлттық кітап” байқауы өтеді

“Ұлттық кітап күні” мерекесіне орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі “Ұлттық кітап” байқауын жариялайды.

Байқаудың негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, үздік авторларды анықтап, қазақ әдебиетінің, руханиятының дамуына ықпал ету. Аудармашыларды, баспагерлер мен кітап дизайнерлерін қолдау және ынталандыру.

Байқауға жұмыстар 2025 жылғы 15 қаңтар – 1 сәуір аралығында қабылданады.
Конкурсқа кейінгі екі жылда жарық көрген туындылар қабылданады. Қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін түскен жұмыстар тіркелмейді.

Байқау келесі 10 номинация бойынша өтеді:

Балаларға арналған үздік кітап;
Үздік комикс;
Нон фикшн бағытындағы үздік кітап;
Детектив жанрындағы үздік кітап;
Сатира жанрындағы үздік кітап;
Үздік илюстрациялық кітап;
Үздік аударма кітабы;
Фантастика жанрындағы үздік кітап;
Үздік баспа;
“Жыл кітабы” Гран-при сыйлығы.

Байқауға қатысатын жұмыстардың көркемдік деңгейі, тіл тазалығы, сөздік қоры, өзіндік стильдің болуы, тақырып өзектілігі, мазмұн тереңдігі, тарихи әділдігі, өндірістік сапаның жоғары болуы, дизайнерлік жұмыстың жоғары болуы сияқты критерийлерге сәйкес келуі керек.

Айта кетсек, Қазақстанда Үкіметтің Қаулысымен 23 сәуір – “Ұлттық кітап күні” мерекесі бекітілді. Бұл мерекелік дата Мемлекет басшысының қоғамда жоғары кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында үшінші Ұлттық Құрылтайдың негізгі отырысында берген тапсырмасына байланысты пайда болды.

Сіз де бақ сынап көріңіз!👍

2️⃣ Қазақстанда ең ұзын көпір ашылды

Бұқтырма су қоймасында Қазақстандағы ең ұзын көпір ашылды. Нысанның ашылуына премьер-министр Олжас Бектенов қатысты.
Ұзындығы 1316 метр болатын екі жолақты автомобиль көпірінен тәулігіне 80 мыңға дейін автомобиль өте алады. Өткелге 18 шақырым жаңа жол тартылды. Жоба озық инженерлік технологияларды қолдана отырып және барлық сапа стандартын сақтай отырып жүзеге асырылды.

Үкімет атап өткендей, жоба көлік байланысының көпжылдық проблемасын шешуге бағытталған, көпір алты ауданды: Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсанды байланыстырады.

Бектеновтың айтуынша, көлік қозғалысына көпір қауіпсіз және Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Сондай-ақ ол елдің көлік-логистика саласының дамуына оң әсер етеді.

«Жаңа көпір мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында салынды. Сіздер білесіздер, аймақта 50 жыл бойы азаматтар жазда пароммен, содан кейін қыста тікелей мұз үстінде жүрді. Бұл көпірді жергілікті тұрғындар көптен күтті», — деп атап өтті Бектенов.

Шығыс Қазақстанда орналасқан екен🔥

3️⃣ Астанада «Атамекен» әнін 400 оқушы қатар тұрып шырқады

Республика күніне орай ұлттық патриоттық сезімді оятатын әндер бойынша қала мектептерінде «Туған елім – Қазақстаным» атты мегачеллендж басталды. Барлық білім беру ұйымдарының оқушылары рухты көтеретін патриоттық әндерді орындайды.

Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, Астанадағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде төрт жүз оқушы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындады.
Мұндағы мақсат – жас ұрпақтың отансүйгіштік, ұлтжандылық, ел мен жерге деген құрметін арттыру.

Сондай-ақ мереке аясында бүгін білім беру ұйымдарында барлық сыныптар арасында «Республикам – мақтанышым» атты сынып сағаттары өтеді. Онда оқушылар танымал адамдармен кездеседі.

«Республика күні – біздің басты ұлттық мерекеміздің бірі. Бұл біз үшін айрықша мағынаға ие. Астана қаласы Білім басқармасы мереке аясында білім беру ұйымдарында ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Басты мақсат – оқушылардың бойындағы отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін ояту», — деді Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.

Баспасөз хатшысының айтуынша, аталған челлендж 24 қазанға дейін жалғасады және барлық мектептерді қамтиды.

Неткен тамаша көрініс еді!😍