Колледж, Футбол, Болашақ. 19 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 19 апреля, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясына және «500 ғалым» ғылыми тағылымдамасына құжат қабылдау 29 сәуірде басталады.

Осы жылы құжат қабылдау алғаш рет үздіксіз – 25 қазанға дейін жүргізіледі. Конкурстық іріктеу 2024 жылғы 10 мамырдан 30 қарашаға дейін өтеді.
«Болашақ» стипендиясына құжаттар egov.kz порталы арқылы қабылданады. Ал «500 ғалым» бойынша өтінім қабылдау және конкурстық іріктеу алғаш рет bolashak.gov.kz. порталында «Үміткердің жеке кабинеті» бөлімінде онлайн жүргізіледі. Шетелде кадр даярлау кезінде басымдық инженерлік-техникалық және медициналық мамандықтарға беріледі.

«2024 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу үшін 555 стипендия бөлінді. Оның ішінде 395 стипендия магистратура және резидентура, докторантура бағдарламалары бойынша – 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінді», — делінген хабарламада.

Басым мамандықтар тізбесі орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өтінімдері, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді даму стратегиялары мен жоспарлары бойынша қалыптастырылды. Үміткерлер су қауіпсіздігі және су бұру, агроорман шаруашылығы, құрылыс, АӨК, жасанды интеллект, молекулалық генетика және тағы басқа өзекті мамандықтар бойынша шетелде дайындықтан өте алады.

«Болашақ» стипендиясы бойынша квоталық санаттар қарастырылған. Олар инженерлік-техникалық қызметкерлер, медициналық мамандар және ауылдық жерлерден кандидаттар. Квоталық санаттағы үміткерлер тегін тілдік дайындықтан өте алады, сондай-ақ құжат тапсыру кезінде шетелдік жоғары оқу орнына өз бетінше түсудің қажеті жоқ. Олар стипендия тағайындалғаннан кейін оқу орнын таңдай алады.

Академиялық оқуға, тағылымдамадан өтуге, ұшуға, медициналық сақтандыруға, визалық алымдарға, оқу материалдарын сатып алуға жұмсалатын шығындар өтеледі, сондай-ақ ай сайынғы стипендия төленеді, деп атап өтті министрлік.

Қатысып үлгеріңіздер!📌

2️⃣ Қазақстан бұқаралық футболды дамытқаны үшін УЕФА-ның марапатын алды.

УЕФА-ның штаб-пәтерінде бұқаралық футболдан 2023/24 жылғы «UEFA Grassroots Awards» марапаттау рәсімі өтті.

2023 жылы ҚФФ өткізген «Балалар үйі тәрбиеленушілері арасындағы футбол фестивалі» 2023/24 маусымның УЕФА бұқаралық футбол марапаты аясында үздік футболға баулу жобасы деп танылды.

Ньонда өткен марапаттау рәсіміне Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Андрей Дудин қатысты.

«Балалар үйі тәрбиеленушілері арасындағы футбол фестивалі» 2023 жылы бірнеше айға созылған болатын. Жоба балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үшін ұжымда жұмыс істеу дағдыларын дамытуға, физикалық және психологиялық денсаулықтарын нығайтуға және қолайлы әлеуметтік ортаны құруға бағытталды.

UEFA Grassroots Awards марапатында Қазақстан Германия және Чехиядан басым түсті:

Футболға баулу бойынша үздік жоба:

«Балалар үйі тәрбиеленушілері арасындағы футбол фестивалі» (Қазақстан);

«Қыздарға арналған мобильді жаттығулар» (Германия);

«Менің алғашқы голым» (Чехия).

Құтты болсын!🔥👏🏻


3️⃣ Төрт өңірде су саласы мамандарын даярлайтын тірек колледждер құрылады.

Бүгінгі таңда бұл бағытта еліміздің төрт макроөңірі таңдалды.

«Онда экономика салалары бойынша, оның ішінде су саласының болашақ мамандарын даярлайтын тірек колледждер құрылады», — деп жазылған оқу-ағарту министрлігінің хабарламада.

2024-2025 жылдары «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану», «Гидротехникалық мелиорация» және «Гидротехникалық құрылыс»және т. б. мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік білім беруде мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жоспарлануда.

«Оңтүстік макроөңірдегі техникалық және кәсіптік білім берудің бас тірек ұйымы ретінде Шымкент қаласындағы Манап Өтебаев атындағы жаңа технологиялар жоғары колледжі таңдалды. Мұнда «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану» мамандығы бойынша кадрлар даярланады», — деді техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.

Студенттерге өндірістік практикадан өту мүмкіндігі беріледі, ал арнайы пәндер педагогтері мен өндірістік оқыту шеберлері үшін біліктілікті арттыру курстарын өткізу, сондай-ақ өндірістен мамандар тарту жоспарлануда.

Айта кетері, бүгінде еліміздің бес колледжі су саласының мамандарын даярлайды. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі, Мақтаарал аграрлық колледжі, Түлкібас агробизнес және туризм колледжі, Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі және Манап Өтебаев атындағы жаңа технологиялар жоғары колледжінде гидрогеология саласының 300-ге жуық болашақ мамандары оқиды және олардың 90%-ы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алады.

Соңғы жағдайлар әр адамды ойландырып қойғаны рас. Дұрыс шешім екен👍