Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️
1️⃣ Колледждерге құжат қабылдау басталды.
Бүгін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына құжат қабылдау басталды.
Абитуриенттер колледжде оқуға екі тәсілмен: 25 маусымнан бастап қағаз және 1 шілдеден бастап egov.kz порталы арқылы электронды түрде өтінім бере алады.
9-сынып бітірушілер үшін құжат қабылдау мерзімі 25 маусымнан 18 тамызға дейін, ал 11 сынып бітірушілер үшін 25 маусымнан 20 тамызға дейін жалғасады:
шығармашылық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 20 шілдеге дейін,
педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 15 тамызға дейін.
Орта буын мамандықтары мен қолданбалы бакалаврға түсушілер оқуға аттестаттың орташа балы негізінде қабылданады. Бағалап бөлу міндетті және бейіндік пәндердің орташа конкурстық балы негізінде автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады.
«Жұмысшы мамандығына түсетін түлектер әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады», — деп жазылған хабарламада.
Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша оқуға түсетін түлектер арнайы және шығармашылық емтихандар тапсырады немесе әңгімелесуден өтеді. Оны қабылдау комиссиялары жүргізеді. Оқуға түсушілер үшін конкурстар 19-25 тамыз, өнер және мәдениет мамандықтары бойынша 29 шілде-2 тамыз аралығында өтеді.
Айта кетері, талапкерлер құжаттарды бірден 4 колледжге 4 мамандық бойынша тапсыра алады. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша барлығы 145 мың абитуриентті оқуға қабылдау жоспарлануда, бұл өткен жылдан 10 мың орынға артық.
Түлектерге құлаққағыс!📌
2️⃣ Қарағандыға жақын жерде сақтар жасаған қанжар табылды.
Шет ауданындағы Талды тарихи-археологиялық паркінде сақ дәуіріне жататын қанжар табылды.
Байқасқа қорымында үш қорған зерттелді. Тарихшылардың айтуынша, бұл қорғандар белгілі бір ережемен салынған. Соның арқасында барлығы бірнеше мың жыл бойы пішінін сақтап қалған. Археологтар сол жерден темір қанжар мен сан алуан рәсімдерге арналған ыдыс тапты.
«Археологиялық зерттеулер» ЖШС директоры Ерлан Әміровтың айтуынша, темір топырақта қалып қойса, нашар сақталады. Ал археологтар тапқан қанжар жақсы сақталған.
«Бұл қанжар – скиф-сақ триадасына кіретін пышақ қаруы. Біздің дәуірімізге дейінгі III–II ғасырлардағы қанжар, сақ дәуірінен ғұн-сармат кезеңіне өту уақытына жатады. Акинактың ыңғайлы тұтқасы, түзу крест, қисық шыңы және қан ағызатын ойығы бар», — дейді Әміров.
Шағын, орта және үлкен қорғандардың биіктігі қайтыс болған адамның материалдық байлығын немесе әлеуметтік мәртебесін білдіреді деген болжам бар. Сондай-ақ салттық мақсаттарға қажетті керамикалық ыдыс та табылды.
Ал Ақкезен қорымы бас қорғаннан және шығысқа қарай екі доғалы тастан жасалған екі серіктес қорғаннан тұрады. Олар кішкентай тас үйінділермен аяқталады. Ғалымдар соның құпиясын аша алмай жатыр. Бұл Орталық Қазақстан аумағында өмір сүрген белгілі бір халық деген негізгі пікір бар. Оларда жерлеу үйінділерін ескілеріне бекіту дәстүрі болғанға ұқсайды.
«Талдыда ғұн – сармат дәуірінің ескерткіштері (б. з. д. III ғасырдан б. з. д. III ғасырға дейін) ежелгі сақ қорғандарына байланған деп есептейміз. Қосалқы қорғандарда жерлеу сирек кездеседі. Біз қола қазандық пен темір найза ұшын таптық», — деп атап өтті Әміров.
Айта кетері, қазба жұмыстарын қарағандылық ғалымдар мен Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері жүргізіп жатыр.
Өткен ғасырдың қазынасын қолды етіпті👍
3️⃣ Ұлттық банк азаматтарға қос қадамнан тұратын алаяқтық жағдайлардың жиілеп кеткенін ескертті.
Ведомствоның хабарлауынша, бірінші кезеңде қаскөйлер өзін Ұлттық банктің немесе басқа да мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, жалған құжат жібереді. Сөйтіп банктік аударымдарға арналған деректеме ұсынып, азаматтардан барынша ақша өндіріп алуға тырысады.
«Алаяқтар қаражатты иемденіп алған соң алаяқтық схеманың келесі кезеңіне көшеді. Бұл жолы өздерін заңгер ретінде таныстырып, аңғал азаматтармен қайта байланыс орнатады. Өзі секілді зардап шеккен басқа да адамдардың атынан ұжымдық талап-арызбен әрекет ететін сыңай танытып, алаяқтар иемденіп кеткен қаражатты қайтаруға заңгерлік көмек ұсынады. Осылайша, қаскөйлер ақшаларды қайтару үшін «заңгерлік қызметке» ақы төлеуді сұрайды», — деді ҚР Ұлттық банкі.
Ақшалай транзакция орындалған соң алаяқтар байланысқа шығуды тоқтатады.
Осындай маңызды мәлімдеме жасапты🙌🏻