Корея,Винил, Олигарх. 3 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 03 Сәуір, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Алты қазақстандық олигарх әлемдегі ең бай адамдардың тізіміне енді.

Forbes журналының мәліметінше, Вячеслав Ким, Тимур және Динара Құлыбаевтар, Владимир Ким, Тимур Турлов және Болат Өтемұратов 2024 жылы да ең бай қазақстандықтар атанды.

Биыл отандастарымыздың арасындағы ең бай адам атағын Вячаслав Ким алды. Долларлық миллиардерлердің әлемдік рейтингінде ол 787-ші орыннан 511-орынға көтерілді. Forbes Kaspi.kz акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Кимнің байлығын 2024 жылы 5,8 миллиард долларға (бір жыл бұрын 3,6 миллиард доллар) бағалады.

Ең бай адамдардың қазақстандықтар арасындағы тізімінде екінші және үшінші орынды “Алмэкс” холдинг тобының басшысы және тең иесі Тимур Құлыбаев пен оның жұбайы Динара Құлыбаева иеленеді.Рейтингте олар 612-орынға жайғасты. Былтыр ерлі-зайыпты 636-орында еді. Құлыбаевтардың əрқайсысының дəулеті 5 миллиард долларға бағаланады.

“KAZ Minerals” акционері Владимир Ким өткен жылы ең бай қазақстандықтардың тізімінде көш бастап тұрды. Алайда биыл 4-орынға түсіп қалды. Forbes мәліметінше, бір жыл ішінде оның материалдық жағдайы 4,6 миллиард доллардан 3,6 долларға дейін азайған. Ал әлемдік рейтинг бойынша ол 591-орыннан 896-шы орынға түсті.

“Freedom Holding Corp.” негізін қалаушы Тимур Турлов қазақстандық бай адамдардың арасында бесінші орында.  Оның байлығы бір жыл ішінде 3,1-ден 3,3 миллиард долларға дейін өсті. Алайда жаһандық рейтингте 949-орыннан 991-орынға түсті.

Миллиардер, “Forte Bank-тің” тең иесі Болат Өтемұратовтың дәулетінде еш өзгеріс жоқ. Миллардердің байлығы 2,7 миллиард долларға бағаланады. Алайда бір жыл ішінде Болат Өтемұратов Forbes-тің рейтингінде 1104-тен 1238-ші орынға жайғасты.

Алты қазақстандық миллиардердің жалпы байлығы 2024 жылы 25,4 миллиард долларға бағаланады.

Вячеслав Ким көш бастап тұр екен👏🏻

2️⃣ 4 сәуірде Алматыда Еділ Хусайыновтың Bul Bul Zaman атты жаңа винил күйтабағының тұсаукесері өтеді.

Іс-шарада көрермендер авторға сұрақтарын қойып, жеке қолтаңбасын ала алады. Сондай-ақ Robotopolus және Steppe sons қатысуымен өтетін жанды дауыста концертті тамашалауға мүмкіндік алады.

Еділ Хұсайынов – жетіген, сыбызғы, саз-сырнай, қамыс-сырнай, қауырсын-сырнай, шаң-қобыз сияқты қазақтың көне аспаптарында ойнайтын композитор әрі аспапшы. Сондай-ақ көмеймен ән айтатын теңдесі жоқ жалғыз шебер. Көптеген халықаралық фестивальдердің қатысушысы Нью-Йорктегі Карнеги Холлда, Вашингтондағы Кеннеди орталығы мен Париждегі ЮНЕСКО сияқты атақты залдарда өнер көрсетті. 2006 жылы Лондондағы Альберт Холлда, кейін Токиода жеке концертін өткізді.

Еділ Хұсайыновтың туындысы көне және қазіргі заман өнерінің қосындысы. Ол фольклор, этно-симфониялық және этно-джаз-рок музыкасы сияқты әртүрлі жанрда жұмыс істейді. Bul Bul Zaman альбомы Abbey Road студиясында жазылған. Сонымен қатар Еділ “Құрақ көрпе”, “Келін” және “Аңшы бала” сынды бірнеше көркем фильм музыкасының авторы.

Кіру тегін екен😍 Сіз де тамашалап қайтыңыз!


3️⃣ Қазақстандық студенттер Оңтүстік Кореяда тегін оқи алады.

Оңтүстік Кореяға жұмыс сапары аясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сеул мэрі О Се Хунмен кездесті.

Тараптар қазақстандық студенттерге шәкіртақы беру туралы Меморандумға қол қойды.

Биылдан бастап Сеул қаласының әкімдігі Қазақстан азаматтарына жасанды интеллект, робототехника, биология, финтех/блокчейн сияқты техникалық және инженерлік мамандықтар бойынша магистратурада оқу үшін 5 білім грантын бөледі.

Қазақстандық студенттер Оңтүстік Кореяның төрт жетекші университетінде (Sungkyunkwan University, Kyung Hee University, Hanyang University, University of Seoul) білім ала алады.

Сондай-ақ министр Саясат Нұрбек пен Кенгидо провинциясының білім басқармасының басшысы Им Тэ Хи мырзаның кездесуі өтті.

Кездесу аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Кенгидо провинциясының білім басқармасы арасында педагогикалық жоғары оқу орындарын бітірген қазақстандық түлектерді провинциялық мектептерде орыс тілін оқыту үшін Оңтүстік Кореяға жіберу туралы меморандумға қол қойылды.

Жақсы жаңалық екен!👍