Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ Роналду мансап жолындағы 900-ші голын соғып, рекорд орнатты
39 жастағы ойыншы Ұлттар лигасының бірінші турында Хорватия қақпасына рекордтық голын салды.
Шабуылшы 34-минутта есепті 2:0-ге жеткізді.
Криштиану футбол тарихында 1237 ойынға қатысып, ресми матчтарда 900 гол соққан алғашқы ойыншы атанды. Ол ұлттық құрама сапында 213 матчта 131 гол салған.
Ол ең көп гол соққан алғашқы ойыншы атанды😍
2️⃣ Жолдарда көлік жылдамдығы жаңа әдіспен тіркеледі
Қазақстанның барлық аймағында жаңа заманауи автоматтандырылған өлшеу станциялары — АӨС орнатылады.
Еліміздің Жоғарғы аудиторлық палатасының тапсырмасы бойынша қолданыстағы АӨС-ға талдау жүргізілді.
Бұған дейін Жоғарғы аудиторлық палатасы 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың тиімділігіне және көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған бюджеттік инвестициялық жобаларға бөлінген қаражаттың игерілуіне аудит жүргізді.
Оның қорытындысы бойынша Көлік министрлігіне нарықта бар автоматтандырылған өлшеу станцияларына талдау жасап, оларды пайдалану мәселесін пысықтау тапсырылды.
Бүгінде жалпы қолданыстағы жолдарда Kistler (Швейцария), UNDS (Оңтүстік Корея) және Тензо-M (Ресей) автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылған.
Астананың кіреберіс жолдарында тензөлшегіштері бар Intercomp (АҚШ) компаниясы шығарған 7 заманауи АӨС бар.
Сондай-ақ талдау негізінде АӨС-ті одан әрі республиканың басқа аймақтарында орнату жоспарланып отырғаны хабарланды.
Мәселен, Көлік министрлігі әкімдіктермен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп қосымша 220 АӨС орнату үшін жеке инвесторларды тарту мәселесін пысықтауда: халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда 70, облыстық, аудандық және қала көшелерінде 150 АӨС орналастырылады.
АӨС – фото және видеоға түсіретін, көліктің түрін, маркасын, мемлекеттік тіркеу белгісін, салмағы мен габариттік параметрлерін, сондай-ақ оське түсетін жүктеме мен жылдамдықты тіркейтін арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралы.
Олар әртүрлі санаттағы автомобиль жолдарындағы қауіпсіздікті жақсарту үшін орнатылады екен👍
3️⃣ Астанада жастарға арналған жаңа «Замандас» коворкинг клубы ашылды
Жаңа клубтың мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды, жасөспірімдер мен жастарды табысты әлеуметтендіру үшін жағдай жасау, қабілеттерін дамыту және шығармашылық әлеуетін, көшбасшылық қасиеттерін іске асыру.
«Бүгін бізде жастар мен жасөспірімдерге арналған коворкинг-орталықтың ашылуы өтіп жатыр. Жас ұрпақтың уақытты қалай өткізетініне назар аудару өте маңызды. Жасөспірімдердің өз кеңістігі жоқ, олар енді осында келіп, араласып, уақыт өткізіп, қолдау таба алады. Жастарға маңызды және дұрыс ақпаратты ұсынып, көмектесу керек. Мұндай жағдайларда жасөспірімдер пікірлес адамдарды тауып, бірге уақыт өткізетін тренингтер мен коворкинг-орталықтар қажет», – деді «Замандас21» ҚҚ директоры Ләззат Алшынова.
Коворкинг-орталықта ұйымдастырушылық, ресурстық, ақпараттық және білім беру қолдауы көрсетіледі.
«Бүгінгі таңда коворкингте психологиялық тренингтер, кинотренингтер, мотивациялық сабақтар және коучинг-тренингтер өткізіледі. Сонымен қатар жалпы даму үшін қатысушылар шешендік өнермен айналысып, сөйлесу клубтарына қатыса алады. 15 жастан 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін психологтардың арнайы кеңестері өткізіледі. Біздің орталық жаңа достар табуға және қызықты бірлескен іс-шаралар құруға мүмкіндік береді», – деді психолог Зарина Кенжекар.
Тамаша🔥