Квота, Несие, Интернет. 26 сәуірдің топ жаңалықтары

Автор: редактор 26 апреля, 2023


Кеш жарық, құрметті қыздар мен жігіттер! Бүгінгі күн жақсы жаңалыққа толы болды.

Ендеше назарларыңа ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз.✔️

1️⃣ Жаңа оқу жылында талапкерлерді ЖОО-ларға қабылдау квотасы бекітіледі.

Жаңа оқу жылына арналған талапкерлерді жоғары оқу орындарына қабылдау квотасының мөлшері бекітілуі мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрінің бұйырық-жобасы «Ашық» НҚА порталында жарияланды.

«Бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысынан жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшері бекітілсін», — делінген бұйрық-жобасында.

Құжатқа сай, жаңа оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасы мына мөлшерде бекітілді:

1. бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар арасынан шыққан азаматтар үшін – 1%;
2. басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер үшін – 0,5%;
3. ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін – 35%;
4. ҚР азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 4%;
5. жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы ҚР азаматтары үшін – 1%;
6. ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан ҚР азаматтары үшін – 5%;
7. кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 5%;
8. кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін – 1%;
9. бала кезінен мүгедектігі бар балаларды, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 1%.

Министр бұйрығы 15 мамырға дейін көпшілік талқылауда болады.

Квота көрсеткіштерін сайттан толық оқи аласыздар📃

2️⃣ Несиесін төлемей жүрген қазақстандықтарға онлайн кредит алуға тыйым салынады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова проблемалық қарызы бар азаматтарға онлайн кредит алуға тыйым салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, белгілі бір азаматтың пролемалық кредиті болған жағдайда, жаңа онлайн микрокредит алуға тыйым салынады. Себебі азаматтар банкте бір проблемалық кредиті болса, соны жабу үшін микроқаржы ұйымына барып жаңа кредит рәсімдейтінін жеткізді. Сондықтан проблемалық кредитті ескере отырып, жаңа кредит беруге тыйым салу туралы осындай ұсыныс енгізілген.

Бұл шара барлық кредит бойынша қарастырып жатыр.📌

3️⃣ Министрлік ауылдардағы әрбір үйді интернетке қосуды жоспарлап отыр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі оптикалық желілер арқылы ауылдардағы әрбір үйді интернетпен қамтамасыз ететінін мәлімдеді.

Бағдат Мусин 3 мыңнан астам ауылды, 60 мың км оптикалық инфрақұрылымды салуды көздеп отырғанын жеткізді. Бұрын операторлар тек әкімшілік ғимараттар, соның ішінде мектептер, ауруханалар мен әкімдіктерге ғана желілер тартып, ол ауылдарда интернет бар деген мәлімет беретін. Ал нақты үйлер мен тұтынушылар операторлардың коммерциялық мүдделерінің болмауына байланысты байланыссыз қалғанын айтады.

Осыған байланысты министрлік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп «соңғы мильді» жеткізу үшін арнайы гранттарды, шағын және орта операторларды субсидиялауды жоспарлап отыр.

Ал сенің ауылыңда интернет жақсы ұстай ма?🤔