Ұлттық қор – балаларға”: Есепшотқа алғашқы қаржы түсе бастады

Автор: редактор 01 Ақпан, 2024


“Ұлттық қор – балаларға”: Есепшотқа алғашқы қаржы түсе бастады

📌 «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша әр баланың шотына 45.000 теңге көлемінде қаржы түсе бастады.

💸 Балаға қанша ақша түскенін және бағдарламаға тіркелгенін қалай білуге болады?

Бұл туралы ақпарат kids.enpf.kz сайтында жарияланды. Мұнда ЖСН бойынша баланың бағдарламаға қатысатынын тексеруге болады.

2006 жылы және одан кейін дүниеге келген Қазақстанның барлық баласына жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық табысының 50%-ы түсіп тұрады.

Табыс есепті жылдың алдындағы он сегіз жыл ішіндегі орташа сомамен есептеледі. Барлық бала бірдей мөлшерде ақша алады.

Сервис қазіргі таңда жұмыс істеп тұр.
Ақпарат алу үшін баланың ЖСН енгізіп, «тексеру» түймесін басу қажет.

🤔 Неліктен балалар шотына 150 доллар орнына 100 доллар түсті?

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Ұлттық қордан балалардың арнаулы жинақтаушы шотына неліктен 100 доллар түскенін түсіндіріп өтті.

Бұған дейін қаржы министрлігінің есептеуі бойынша «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында балалардың шотына 150-160 доллар түсінетіні хабарланған болатын.

Темірбеков бұл жағдайды балалар санының артуымен және бөлінген қаражат сомасымен байланыстырды.

«Иә, біздің есептеуіміз бойынша 160 доллар деп айтылған еді. Бірақ сіздер білесіздер, президент бұл бастама туралы алғаш рет 2022 жылы айтты, тапсырма берді. Ол кезде балалардың саны 6 млн 400 болатын. Бүгінде балалардың саны – 6 млн 917 мың. Сол есептеулерге сәйкес, бүгінде бөлінген қаражаттың сомасы – 695 млн доллар. Оны енді 6 919 131 балаға бөлетін болсақ, 100 доллар 52 центтен шығып тұр», – деді вице-министр.

🖋️ Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек деп мәлімдеген еді. Соған байланысты “Ұлттық қор – балаларға” жобасы әзірленген болатын. Аталмыш жоба бойынша төлем 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасалатыны айтылған. Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы жыл сайын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында бөлінеді.