Мұзайдын, Жол апаты,Есім.4 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 04 Қаңтар, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Алматыда 12 мұзайдын жұмыс істейді.

Алматыда бүгінгі күні қала тұрғындары мен қонақтары үшін 8 мұзайдын жұмыс істеп тұр. Тағы 4-уі қаңтар айында іске қосылады.

“Күннің жылы болуына байланысты мұздың дайын болуына қарай мұзайдындары ашылатын болады. Кіру тегін. Конькиді сол жерден жалға алуға болады, жалға алу құны 1000 теңге (2 сағат). Өз конькиіңізбен сырғанау толығымен тегін болады”, – делінеді хабарламада.

Конькилерді жалға беру пункттері жұмыс күндері сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін, демалыс күндері сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Мұз айдындары тәулік бойы ашық болады.

Ал сіз қайсына барып жүрсіз?😍

2️⃣ Енді Қазақстанда жүргізушілер жол апатын өздері онлайн рәсімдей алады.

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап жол апаттарын онлайн тіркеуге 1 мыңнан астам өтініш түсті.

«2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Еурохаттама» жобасы бойынша жол апаттарын онлайн тіркеуге 1099 өтініш келіп түсті: алты өтініш «тіркелді» деген мәртебе алды, яғни екі көлік жүргізушісі де өз қолын қойды, өтініш бірыңғай сақтандыру деректер базасына жіберілді», – делінген бірінші кредиттік бюросының хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, келіп түскен өтініштердің шамамен 60%-ке жуығын қолданушылардың өздері әртүрлі себептермен, соның ішінде қызметпен енді танысып жатқандықтан бас тартқан.
Сондай-ақ, мәліметтерді жинау кезінде 385 өтініш толтыру сатысында болса, 33-і бірінші жүргізушінің, тағы 12-сі екінші жүргізушінің қол қоюын күтуде.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі енгізілетінін жариялаған болатын. Соның арқасында көлік жүргізушілері полицияны, тіпті, сот шешімін күтпей, сақтандыру төлемдерін рәсімдей алады. Қазір сақтандыру төлемін алу үшін жол полициясының хаттамасы керек. Оған қоса, сот шешімі шығуы қажет. Оған екі айдай уақыт кетеді.
Ал сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі бойынша жол апаты болған кезде барлық құжат жылдам рәсімделеді. Бірақ бірнеше шарт болады.
Олар:

екі көліктің соқтығысуы;

жол апаты кезінде көлікке ғана зиян келуі (адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіру және үшінші тұлғалардың мүлкін зақымдау фактісі болмауы шарт);

сақтандыру полисінің болуы;

екі көлік жүргізушінің өзара келісуі;

сақтандыру төлемі 100 АЕК-тен (369 200 теңгеден) аспауы керек.
Барлық өтініш бірыңғай сақтандыру дерекқорының мобильдік қосымшасы арқылы жіберіледі.

Елімізде “Еурохаттама” енгізілді.📌 Жаңа өзгеріске көзқарасыңыз қалай?

3️⃣ 2023 жылдағы еліміздегі ең танымал 10 есім белгілі болды.

2023 жылы туған нәрестелерге ең көп қойылған есімдер 2022 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. ҚР Ұлттық статистика бюросы қыздарға ең жиі қойылған 10 есім тізімі өзгеріссіз қалғанын және ұлдар арасында Хамза есімі Рамазан есімін ығыстырып, алғашқы ондыққа кіргенін мәлімдеді.

2023 жылдың танымал 10 есімі

Ұлдар арасында Алихан, Омар, Амир, Алдияр, Айсұлтан, Алан, Али, Нұрислам, Мухаммад, Хамза есімдері ең көп қойылған.

Қыздар арасында Медина, Айша, Айлин, Асылым, Сафия, Томирис, Раяна, Амина, Аяла, Айым есімдеріне қызығушылық жоғары болып тұр.
Аталған тізімді 2013 жылмен салыстыратын болсақ, Алихан, Амир және Нұрислам есімдері ұлдар арасында әлі де танымал. Қыздар арасында Айша мен Амина есімдері жиі қойылатын есімдер қатарынан он жыл бойы түспей келеді.

2013 жылдың танымал 10 есімі

Ұлдар арасында Ерасыл,
Алихан,Санжар, Нұрасыл, Мирас, Артем, Нұрислам, Амир, Арсен, Рамазан есімдері танымалдылыққа ие болған.

Қыздар арасында Айзере, Айару, Кәусар, Інжу, Айша, Аружан, Аяулым, Амина, Іңкәр, Диана есімдері жиі қойылған.

Ал бұл тізімде балаңыздың есімі бар ма?😊