Магистратура, Айлық, Дәрігерлер. 25 қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 25 октября, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Биыл қазақстандықтардың орташа айлығы 322 мың теңгеге жетті.

Осы жылы жалдамалы жұмысшылардың орташа жалақысы — 322 мың 845 теңге. Оның ішінде ерлердің еңбекақысы — 361 мың 481 теңге, әйелдерде 285 мың 744 теңге.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда барлығы 3 млн 437 мың жалдамалы жұмысшы бар.

Ең жоғары жалақы Атырау облысында — 530 мың теңгеден астам.
Екінші орында Маңғыстау облысы — 469 мың теңге, үшінші орында — Ұлытау облысы (445 мың теңге.
Ал төменгі жалақы СҚО-да — 227 мың теңге.

Ресми деректерге сәйкес, жалпы экономикада биыл білім деңгейі бойынша қызметшілердің орташа жалақысы келесідей: орта білім — 230 мың 841 теңге, жоғары білім — 398 мың 214 теңге, жоғары оқу орнынан кейінгі білім — 505 170 теңге.

Ал сіздің қаражатыңыз орташа жалақыға жете ме? 🤔

2️⃣ Бүгін магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге өтініш қабылдау басталды.

25 қазанда магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге өтініштерді қабылдау және докторантураға түсу емтихандарына құжаттарды қабылдау басталады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша,
Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында өтеді.

Кешенді тестілеуге тіркелу 2023 жылғы 10 қарашаға дейін жалғасады. Тестілеудің өзі қараша-желтоқсан айларында өтеді. Өтініш беру кезінде түсуші тестілеуді тапсыру қаласын өз еркімен таңдайды.

Үміткерлер өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін (10 қарашаға дейін) білім беру бағдарламаларының тобы, тілі және тестілеуді тапсыру қаласын бойынша өтінішке өзгерістер енгізе алады.
Тестілеуді өткізу күні туралы ақпарат оқуға түсушінің жеке кабинетінде 15 қарашада қолжетімді болады.

Өтініш беріп үлгердіңіз бе?✔️

3️⃣ Қазақстандық дәрігерлер науқастарды онлайн емдеуі мүмкін.

Бұл туралы «31 телеарна» хабарлайды.

Денсаулық сақтау министрлігі осындай
құжат ұсынып отыр. Оған сәйкес, қашықтан қабылдауға құқылы дәрігерлер тізімі кеңейтілмек. Енді педиатр, невропатолог, хирург, проктологтардан онлайн кеңес алуға мүмкіндік жасалады.

Қазақстандықтар кардиолог, пульмонолог, ревматолог, невропатолог, инфекционист, аллерголог, гастроэнтеролог дәрігерлердің көмегіне жүгіне алады. Яғни, қоңырау шалу арқылы кеңес сұрайды.

Бұдан бөлек, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға ұсынылатын қызметтер тізбесі де кеңейтілген. Бұл топтағы сырқаттар салалық медицина қызметкерлеріне хабарласа береді.
Сондай-ақ, жастар денсаулық орталықтары көрсететін медициналық қызметтердің де тізбесі ұлғайған. Оларға акушер-гинеколог, психолог, уролог, психотерапевтер қашықтан қызмет көрсетеді.

Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген құжат қазір талқылауға шығарылған.

Мұндай өзгеріске қалай қарайсыздар?)