Магистратура, Әскер, ТОП-25 мамандық. 29 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 29 декабря, 2022


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ 2030 жылға дейін сұраныста болатын ТОП-25 мамандық анықталды.

📌 Қазақстан әлеуеті үшін ауадай қажет мамандықтардың көшбасында бухгалтерлер, күзетшілер, инкассаторлар, дүкен сатушылары мен әлеуметтік ғылымдар бойынша орта мектеп мұғалімдері, автокөлік жүргізушілері мен шопырлар тұр.

Сондай-ақ медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге де сұраныс артады.
Мысалға: 2030 жылға дейін 37,9 мың орта мектеп мұғалімдері керек екен. Балабақша маманы, шаштараз, кеңсе тазалаушылар да қажетті мамандықтар қатарына кіреді.

2️⃣ Биылдан бастап әскерге шақырылған азаматтар кредит төлеу міндетінен уақытша босатылады.

Кредит каникулын беру тәртібі бойынша мерзімді қызметте жүрген әскери қызметшілердің барлық кредиті бойынша төлем кейінге шегеріледі. Банктер мен микроқаржы ұйымдары да қарызды қайтаруды талап ете алмайды.

«Кредит каникулының өзі жақсы нәтиже берді. Оны биыл күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде байқадық. Жастардың 30 проценті бұрын әскерге барайын ба, бармайын ба деп отырса, осы жолы ештеңеге алаңдамай келді. Өйткені кредит үшін алаңдаудың қажеті жоқ. Осының өзі әскерге шақырылған жастардың көбеюіне ықпал етті», — деді полковник Дүйсімов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, ата-аналардың ықпалы да байқалады. Себебі жоғары білім алу жағынан да жеңілдік бар.
Айта кетері, Қазақстанда әскерге барып келген жастар кейбір жоғары оқу орында тегін білім алады. Ол үшін университеттер өздері грант бөліп отырады.

Ал өзі қалаған ЖОО грант ұсынбаса, әскерден келген жігітке ақылы негізде де оқуға болады. ҰБТ тапсырудың қажеті жоқ.

Ал сен әскерге бардың ба?🤔

3️⃣ Магистратура бойынша мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі шықты.

Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша берілді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер және Қазақстан студенттер альянсының өкілдері кірді.

«Білім беру гранттарын беру конкурсына барлығы 2029 адам қатысты. Отырыс қорытындысы бойынша 1774 адам мемлекеттік білім беру грантының иегерлері атанды, оның ішінде бейіндік магистратура бойынша 100 грант», — делінген ақпаратта.

Тізімде таныстарың бар ма?😍