Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️
1️⃣ Аралдық оқушылар математиканы футбол арқылы меңгеріп жатыр.
Қызылорда облысы Арал қаласы №262 мектеп-гимназиясының жас мұғалімі Мұқан Төлебаев нақты ғылымды оқытудың ерекше тәсілін ойлап тапты. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Бұл әдістің ерекшелігі – оқушылар доп қумайды. Бірақ тапсырмаларды орындап, қорғану арқылы ойша шабуыл жасайды. Шағын футбол ережелері бойынша өтетін сабақта алты оқушы екі топқа бөлініп, жарысқа түседі. Командалар алдын-ала жоспар құрып, оны ойын барысында өзгерте алады», – дейді мұғалім.
Педагогтің айтуынша, бір-біріне ұқсайтын сабақтар оқушыларды тез жалықтырады. Өз уақытын виртуалды әлемде өткізетін балалар аз емес, оны пайдалы іске жұмсай білу керек.
«Негізгі мақсатым оқушыларды қызықтыру болды. Бұл ойын әдісі тиімді, өйткені бәсекеге түсе отырып, балалар өздерінің білім деңгейлерінің қаншалықты жоғары екенін байқайды. Сонымен қатар конкурс-сабақтың арқасында оқушылар математикалық атмосфера мен бәсекелестікті сезінеді. Жалпы, бұл оқушылардың алға жылжуына оң ықпал етеді. Демек қарсылас командалар қажетті нәтижеге жету үшін «білек күшін» емес, «білім күшін» пайдалану қажеттігін түсінеді», – деп Мұқан Төлебаев өз ойын бөлісті.
Ол 2 жыл бұрын оқушыларды ҰБТ-ға осындай ерекше тәсілмен дайындай бастаған, нәтиже жаман емес.
Аралдық педагог алдағы уақытта сабақ өту әдістеріне жастар арасында танымал өзге де ойын ережелерін енгізуді жоспарлап отыр.
Оқушылардың білім алуға деген құлшынысын оятатын ұстаздарымыз көбейе берсін!😍
2️⃣ Қазақстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық басталды.
2024 жылғы 8-15 қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық мәселесі Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Бұл туралы Үкіметтің ресми сайтында хабарланды.
Мемлекет басшысы еліміз үшін маңызы зор іс-шараны өте жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Айта кету керек, Қазақстанның Ойындарды өткізуге өтінімін түркі қауымдастығы бірауыздан қолдаған болатын.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің түкпір-түкпірінен, тіпті дәстүрлі түрде көшпелі саналмайтын елдерден командалар қатысады деп жоспарланып отыр. Жарыс қазақ күресі, көкпар, құсбегілік, асық ату, аударыспақ, тоғызқұмалақ сияқты қазақтың ұлттық спорт түрлерінен, сондай-ақ шет елдерде дамыған, бірақ тамыры біртұтас көптеген басқа спорт түрінен өтеді.
Жарыс 2024 жылы өтеді🔥
3️⃣ Мәдениет және спорт министрлігі «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына шығарма қабылдауды бастады.
Әр номинацияға 5 миллион теңгеден қарастырылған.
Ұлттық сыйлыққа «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік әдеби сын», «Үздік комикс» номинациялары бойынша шығармалар қабылданады. Байқауға отандық қаламгерлер қатыса алады және үміткерлердің жас ерекшелігіне байланысты шектеу жоқ.
Үміткерлер өтінімді 2023 жылғы 1 мамыр – 1 қыркүйек аралығында www.aiboz.kz сайты арқылы жіберу қажет. Әдеби сыйлық жыл соңында табысталады.
«АЙБОЗ» – отандық қаламгерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету және ынталандыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыратын ұлттық әдеби сыйлық. Байқауға бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған шығармалар ғана қабылданады. Бұл қазақ әдебиетінің қоры 7 номинация бойынша жүздеген жаңа туындымен толығады деген сөз. Сондай-ақ қаламгерлер арасында бәсеке пайда болып, соның нәтижесінде оқырманға өзекті, қызықты әрі заманауи шығармалар жол тартады», — деді МСМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет.
Жүлде қоры — 35 миллион.👍 Сіз де қатысып көріңіз✔️