Мажарстан, Ольга Рыпакова, Дәрігер. 13 ақпанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 13 Ақпан, 2023


Кеш жарық, көзі қырақты қыздар мен жігіттер!

📌 Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз.

1️⃣ Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова кәсіби карьерасын ресми түрде аяқтады.

Бұл туралы ол жеңіл атлетикадан Азия чемпионатының жабылуында мәлімдеді.

«Өз еліме алғысым шексіз! Президент пен спорт басшыларынан бастап, ең жас жанкүйеріме дейін маған сенім артты. Менің тұлға ретінде, кәсіби спортшы ретінде қалыптасуыма мүмкіндік берген тағдырыма және Құдайға ризашылығымды білдіремін», – деді спортшы.

Отандық спортты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан премьер-министрі спортшыға алғыс хат жолдады.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының хабарлауынша, салтанатты шара соңында Ольга Рыпакова жанкүйерлер алдында құрмет шеңберін жүгіріп өтті.

Спортшымызға алдағы уақытта сәттілік тілейміз!🙌🏻

2️⃣ Астаналық дәрігерлер бір күнде жүрегі 53 рет тоқтаған әйелді аман алып қалды.

Бұл туралы №2 көпбейінді қалалық аурухананың дәрігерлері әлеуметтік желіде жазды.

Әйел 6 қаңтарда жедел жәрдем арқылы миокард инфарктімен өте ауыр жағдайда ауруханаға түскен. 10 минуттан кейін оған ота жасалды. Аурухана дәрігерлері пациенттің өмірі үшін 35 күн бойы күрескен.

«Науқастың қан айналымы қайта-қайта тоқтап тұрған. Күні-түні оның жүрегі бірде «іске қосылып», кейде тіпті мүлдем қағысын тоқтатты. Бір күн ішінде жүрегі 53 рет тоқтады. Содан кейін жасанды жүрек пен өкпе қызметін атқаратын экстракорпоральды мембраналық оттегімен қанықтыру жүйесін қосуға тура келді», – дейді дәрігерлер.

Ақ халаттылар 35 күн бойы науқас өмірінен үміт үзген жоқ, монитор бойынша тұрақты бақылау жүргізіп отырды. Осы уақыт ішінде әйелде қан кетіп, кейін қабыну реакциясы, сепсис және ағзалар жүйесінің жеткіліксіздігі пайда болған.

«Пациенттің бірнеше рет өмірге оралуы, оны аяққа тұрғызып қана қоймай, ағзаның барлық функциясын сақтап қалу, тіпті мұндай оталарды бірнеше рет жасаған тәжірибелі реаниматологтардың өзі мұны «медициналық ғажайыпқа» балайды», – дейді кардио ИТБ меңгерушісі Расул Сағнаев.

Шынайы адал дәрігерлеріміздің еңбегі елене берсін!👏🏻👏🏻👏🏻

3️⃣ Мажарстанда Қазақстанның алты боксшысы чемпион атанды.

Мажарстанның Дебрецен қаласында өткен халықаралық турнир финалында қазақстандық боксшылар абсолютті көрсеткіш көрсетті. Финалға шыққан алты боксшымыз да чемпион атанды.

Алтын медальға ие болған отандастарымыз: Теміртас Жүсіпов (48 келіге дейін), Серік Теміржанов (57 келіге дейін), Саматәлі Төлтаев (60 келіге дейін), Дулат Бекбауов (67 келіге дейін), Аятолла Тақижанов (75 келіге дейін) және Айбек Оралбай (92 келіге дейін).

Абсолютті көрсеткішіміз құтты болсын! 😍🔥🔥