McDonald’s, Jibek joly, Баспана. 5 қаңтардың топ жаңалықтары

Автор: редактор 05 января, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз! ✔️

1️⃣ Қазақстанда McDonald’s брендінің мейрамханалары жұмысын тоқтатты.

Food Solutions KZ ЖШС басқаратын жылдам қызмет көрсететін мейрамханалар желісі жеткізілім шектеулеріне байланысты Қазақстанда McDonald’s брендімен жұмысын тоқтатады. Бұл туралы McDonald’s Қазақстандағы баспасөз қызметі хабарлады.

«Компания жұмысының қайта жандануы және жылдам қызмет көрсететін мейрамханалардың жаңа атаумен ашылу мерзімі туралы жақын уақытта жарияланатын болады. Біз осы ауысым жүзеге асқаннан кейін, компанияның өз жұмысын жалғастыруына байланысты барлық сұраққа жауап береміз», — делінген хабарламада.

Мейрамханалар желісі ашылғаннан кейін келушілерге жоғары сапалы өнімдер, түрлі мәзір мен қонақжай қызмет ұсынылатыны айтылған. Жылдам қызмет көрсететін мейрамханалар қолданыстағы жоғары стандарттарға, құндылықтарға және бизнес принциптеріне сәйкес жұмысын жалғастырады, делінген жазбада.

McDonald’s өнімдерін жақсы көретін жандар үшін жағымсыз жаңалық болды. Ал саған бұл бренд ұнайтын ба еді?🤔🤔🤔

2️⃣ Jibek Joly арнасынан Президент телерадиокешенінің «Қаңтар оқиғасы. Бір жыл» деректі фильмі көрсетіледі.

Бүгін «Jibek Joly» телеарнасы Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенінің жаңа деректі фильмін көрсетеді. Деректі фильм ел үшін теңдесі жоқ сынаққа айналған қаңтар оқиғасына арналған.

Фильмде қаңтар оқиғасының хронологиясы, жағдайдың бейбіт шеруден басталып, жаппай тәртіпсіздікке ұласу себебі мен тұрғындарды қалай, кімдер арандатқаны туралы баяндалады.

Сонымен қатар, деректі фильмде бұған дейін жарияланбаған мәліметтер, оқиға куәгерлері мен сол күндері жаппай тәртіпсіздікке қатысып, жаза арқалаған адамдардың эксклюзив сұхбаттары қамтылған.

Фильмді тамашалауға кеңес береміз!📌

3️⃣ Алматыда 3 мыңнан астам адам жеңілдетілген бағдарлама бойынша баспаналы болды.

Былтыр түрлі жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың арқасында Алматыда көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен жұмысшы жастарды қосқанда 3167 адам пәтерлі болды.

«Шаңырақ» (5-10-20) және «Бақытты отбасы» (2-10-20) несиелік бағдарламалар бойынша тұрғын үйді тиісінше 1988 және 162 адам сатып алды. «Алматы жастары» бағдарламасына 971 адам қатысты. Жалдамалы баспана алу құқығын 46 алматылық пайдаланды.

Оның арасында көпбалалы отбасылар, жастар да бар екен! 👍