Медаль, Борт, Қосымша. 10 қазанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 10 октября, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстандық самбошылар Бішкектен 22 медальмен оралды.

Қырғызстан астанасы Бішкекте жастар арасында самбодан əлем чемпионаты мəресіне жетті.

Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, үш күнге созылған бəсекеде 28 елдің балуандары жауынгерлік және спорттық самбодан 37 салмақтың үздіктерін анықтады.

Қазақстан құрамасы 4 алтын, 6 күміс жəне 12 қола жүлдеге қол жеткізіп, жалпы есепте 2-орын алды.

Мұнда Халықаралық самбо федерациясының командасы (Ресей самбошылары) топ жарса, үздік үштікті Өзбекстан спортшылары түйіндеді.

Құтты болсын!🔥

2️⃣ «Мобильді ХҚКО» қосымшасында жаңа қызмет пайда болды.

Енді жүргізуші куәлігін алғаш рет алатын азаматтар «Мобильді ХҚКО» қосымшасы арқылы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына емтихан тапсыруға өтініш беріп, алдын ала кезекті брондай алатын болады.😍👍

Бұл туралы tengrinews.kz мәлімдеді.

Жанашылдық уақыт үнемдеуге әрі МХҚО-дағы қызметалушылардың ағынын азайтуға септігін тигізеді.
Ол үшін қолданушыға «Мобильді ХҚКО» қосымшасында «Бейне қызметті» таңдау керек. Бұл сервис қызметалушы алғашқы ақпаратты алу үшін МҚКО операторымен байланыстырады. Одан кейін клиентке мемлекеттік бажды төлеуге немесе алдын ала төленген түбіртекті ұсынуға мүмкіндік беріледі. Төлем жасалғаннан кейін № 073/у формадағы медициналық анықтаманың, автомектепті аяқтағаны туралы куәліктің, қызметалушының суретінің сканерленген нұсқаларын және талапқа сәйкес қойылған қолтаңбаны сұрататын болады. Оператормен сөйлесу барысында аталған барлық құжатты диалогтық терезеде тіркеу қарастырылған. Айта кететін жайт, азамат өтінішті сәтті тапсырғаннан кейін, МХҚКО-ға алдын ала кезекті брондау үшін емтихан тапсыратын күн мен уақыт ұсынылатын болады.

«Бұрын емтихан тапсыратын азаматтар өтініш беру және төлем жасау үшін МХҚКО-ға баруға міндетті болатын. Енді бұл қызметті үйден шықпай, онлайн алуға болады. Яғни, бейнеқоңырау арқылы өтініш беріп және кезекті алдын-ала брондайды. Одан кейін клиент МХҚКО-ға бекітілген уақытта келіп, емтиханын тапсырып кете алады. Болашақта өтініш беру фнкциясын электронды порталға және екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелеріне енгізу жоспарда бар» — деді Басқарма Төрағасы Сүйеніш Әбділдин.

3️⃣ Израильде жүрген 124 қазақстандық арнайы бортпен елге жеткізіледі.

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, бүгін таңғы 8:00-де Израильдегі қазақстандықтарды елге қайтару үшін арнайы Air Astana ұшағы аттанған еді.

«Бүгін 10 қазанда Астана уақыты бойынша сағат 16:45-те Израильдің Тель-Авив қаласынан Қазақстанға репатриациялық рейс ұшып шықты. Бортта 166 жолаушы бар, олардың ішінде 124 ҚР азаматы және 42 шетелдік азамат. Бүгін кешке ұшақ Алматы қаласына келеді деп күтілуде», — деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Айта кетейік, Израильдегі Қазақстан елшісі Сатыбалды Бұршақов Kazinform агенттігіне берген эксклюзив сұхбатында Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жұмысы қалай жүріп жатқанын баяндаған еді.

«Қазірдің өзінде Қазақстанның 150 азаматын тізімге тіркедік. Арнайы рейстің ашылғанын таңертең жариялағандықтан, күндіз қоңырау шалған адам көп болды. Бағана айтқандай, біз тізімді әу бастан жасап қойғанбыз, кімнің қайда екенін алдын ала біліп отырдық. Соның арқасында жұмыс жеңіл өтті», — деді Сатыбалды Бұршақов.

Аман-есен елге оралсын деп тілейміз!🤲🏻