Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңызға бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ Қазақ тілінде сөйлеп жүрген америкалық ару “Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталды
Қазақ тілін дамытуға үлес қосып жүрген америкалық ару Ракель Рейнагельге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аталған марапатты табыстады.
“Қуанышымда шек жоқ, таңданысымды жасыра алмадым. Әлеуметтік желідегі өмірімді көрсету арқылы қоғамға әсер етіп, осындай құрметке ие боламын деп ойламадым. Қазақ тіліне қосқан үлесім көлдегі бір тамшы су секілді деп айтар едім. Марапат үшін қазақша сөйлемеймін. Қазақ тілінде сөйлеу – өнегелі өмір сүруім үшін жасаған саналы таңдауым. Төсбелгі үшін көп рақмет! Шын жүректен ризамын, өте қуаныштымын”, — деді блогер.
Тамаша! 😍
2️⃣ 2025 жылы 1 АҚШ доллары 545 теңге болуы мүмкін
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) қаржы нарығының қатысушылары мен сарапшылары арасында жүргізген кезекті сауалнама нәтижелерін жариялады. Зерттеу қорытындысына сәйкес, мұнай өндірісінің қысқаруы, бағаның төмендеуі және жоғары пайыздық мөлшерлемелердің әсерінен 2025 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) өсу қарқыны баяулайтын болады деп болжануда.
ҚҚҚ мәліметінше, ұлттық валюта бағамы бойынша сарапшылардың болжамы қараша айындағы теңгенің әлсіреуіне байланысты өзгерген. Жаңа болжамдарға сәйкес, 2025 жылдың басында 1 АҚШ доллары 524,1 теңге шамасында болуы мүмкін (қазіргі көрсеткіш – 513,62 теңге). Ал келесі 12 ай ішінде теңге нығаймайды деп күтілуде. Керісінше, доллар 6%-ға қымбаттап, 2025 жылдың соңына қарай 545,2 теңгеге дейін жетуі ықтимал.
Айта кету керек, сауалнама желтоқсан айының басында өткізілгендіктен, сарапшылар пікіріне қараша айындағы валюта нарығындағы өзгерістер айтарлықтай ықпал еткен болуы мүмкін.
Мәссаған, осындай болжам жасапты😶
3️⃣ Қазақ тіліндегі “Моана 2” анимациясы 12 күн ішінде кассалық табыс жағынан рекорд орнатты
Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы “Моана 2” анимациялық фильмінің кассалық табысы туралы мәлімдеме жасады.
Рауан Кенжеханұлының айтуынша, фильмнің 12 күндегі кассалық табысы 151 000 000 теңгеден асқан.
“Фильмді қазақ тіліне аударып, дубляждауға кеткен шығын еселене ақталып, қазақтілді көрерменнің нарықтағы зор ықпалы расталды. Туындының 12 күндегі кассалық табыс үлесі 151 000 000 теңгеден асты. “Ойжұмбақ 2” анимациялық фильмін басып озып, жаңа рекорд орнатты. “Ойжұмбақ 2” жалпы көлемі 138 000 000теңге табыс жинаған еді”, — деп қуанышты жаңалығын айтты.
Рауан Кенжеханұлы қазақ дубляжына қолдау көрсетіп, қызығушылық танытқан көрермендерге алғыс білдірді.
Міне, халықтың сұранысы дәлелденді👍