Медаль, Мәртебе, Отбасы. 17 қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 17 сентября, 2024


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️

1️⃣ Қазақстандық студенттер әлем чемпионатында 7 медальон жеңіп алды

Францияның Лион қаласында өткен 47-ші WorldSkills әлем чемпионатында қазақстандық колледж студенттері 7 медальон жеңіп алды.

Жұмысшы мамандықтар бәсекесінде біздің еліміздің намысын 32 қатысушы және 30 халықаралық сарапшы қорғады.
«Ұлт үздігі» номинациясы және құзыреттіліктер бойынша үздіктер:

Руслан Юсупов — Орал ақпараттық технологиялар колледжінің студенті — «Веб-технологиялар»;

Әйгерім Досова — Шымкент қаласының жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі — «Сән технологиясы»;

Данияр Әбікенов — Қостанай автомобиль көлігі колледжінің студенті — «Желілік және жүйелік әкімшілендіру»;

Михаил Попов — Алматы құрылыс-техникалық колледжінің студенті — «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары»;

Тимур Бабенко мен Эльнар Жуасбаев — Семей қаласының Радиотехника және байланыс колледжінің студенттері — «Мобильді робототехника»;

Жанель Сағындық — Алматы қаласы «Әділет» колледжі — «Қонақ үй ресепшионисті»;

Артур Лейман — Павлодар сервис және тамақтану колледжінің студенті — «Мейрамхана сервисі» — «Ұлт үздігі» номинациясы.

WorldSkills Lyon — 2024 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатына 69 елден 1500-ге жуық колледж студенті қатысты.

Құтты болсын!🔥

2️⃣ Түркістан ерекше мәртебеге ие болады

«Заң жобасын әзірлеуге Түркістан қаласын Түркі мемлекеттері ұйымымен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тануы, қаланың тарихи келбеті мен тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі негіз болды», — деп жазылған хабарламада.

Заң жобасының негізгі новеллалары:

Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру,

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу,

кәсіпкерлер мен қолөнершілерді қолдау сынды өзге де шаралар.

«Қалаға ерекше мәртебе беру Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы, туристер мен қажыларды тарту орталығы ретіндегі әлеуетін жан-жақты ашуға мүмкіндік береді, нәтижесінде бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әрі халықтың өмір сүру деңгейін сапалы жақсартуға мультипликативтік әсер етеді», — деп атап өтті ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.

Түркістан қаласының мәслихаты қала құрылысы регламентін, қаланың дизайн-кодын, сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын, Түркістан аумағында рәміздерді қолдану тәртібін және т.б. бекітеді.

Қала әкімдігіне 3 бағыт бойынша 27 құзырет беріледі. Алғашқысы қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуын сақтау мәселелерін реттеуге, тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Екінші бағыт – кесененің айналасындағы құрылыс стандарттарын және қала аумағында бірыңғай құрылыс стилін қолдану.
Үшінші бағыт – туристік қызметке жәрдемдесу мәселелерін реттеуге және оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, туристік тартымдылық орындарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік және инженерлік инфрақұрылымды бейімдеуге бағытталған.

Бұдан бөлек, ілеспе заң жобасы әзірленді, оның шеңберінде Жер кодексіне, «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «ҚР туристік қызмет туралы» заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Түркі әлемінің рухани астанасына жаңа мәртебе берілмек😍

3️⃣ Орталық және Шығыс Еуропада оқып жатқан студенттерге ескерту жасалды

“Борис” дауылының салдарынан туындаған қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты Халықаралық бағдарламалар орталығы аталған аймақта білім алып жатқан стипендиаттармен тығыз байланыста болып, жағдайды мұқият қадағалауда.

Бұл туралы “Халықаралық бағдарламалар орталығы” АҚ баспасөз қызметінен хбарланды.

Дауыл Польша, Чехия, Австрия, Словакия және Венгрия елдерін қамтыды — бұл елдерде “Болашақ” бағдарламасы және ғылыми тағылымдамалар аясында Қазақстанның 15 азаматы оқып жүр.

Барлық стипендиаттарға қауіпсіздік шаралары туралы ескертілді және олар жергілікті биліктің ұсыныстарына сәйкес әрекет етуде. Қазіргі уақытта стипендиаттарымыз арасында зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

“Стипендиаттарымызды барлық сақтық шараларын сақтауға және өз қауіпсіздігіңіз үшін байланыста болуға шақырамыз”,-делінген хабарламада.

Бұл мекендерде қолайсыз ауа райы туындапты. Осы жерде білім алып жатқан жақындарңыз болса, құлаққағыс етіп қойыңыз📌