Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ Қазан қаласында қазақтың көрнекті тұлғаларына арналған көрме ашылды
Қазан қаласындағы көрмеге Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығынан 80-нен астам экспонат қойылды.
Көрмеде ұлы тұлғалардың бай мәдени мұрасы мен маңызын көрсететін бірегей жәдігерлер ұсынылды. Олардың ішінде Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сияқты көрнекті тұлғалармен байланысты жеке заттар, кітаптар, қолжазбалар мен өнер туындылары бар.
Ұлттық мәдениет пен тарихымыздың тереңдігін ашатын суретші Әбілхан Қастеевтің туындыларына да ерекше көңіл бөлінді.
Сондай-ақ, жәдігерлер арасында Ұлы Абайдың домбырасы мен кісе белбеуі, шоқпар, айбалта, торсық және ақын оқыған медреседен кітаптар ұсынылды.
Керемет!😍
2️⃣ 2025 жылы бірнеше медициналық анықтама электронды түрде беріледі
Келесі жылдан бастап бірқатар медициналық анықтама электронды форматқа ауыстырылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ербол Оспанов мәлімдеді.
“2025 жылдан бастап сегіз медициналық анықтама, соның ішінде науқас парағы мен еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама, тек электронды түрде ұсынылады. Енді азаматтарға қағаз анықтамаларды өзімен алып жүрудің қажеті жоқ. Азаматтардың келісімімен электронды анықтамалар қажетті мекемелерге жіберіледі. Қазіргі уақытта “Амбулаториялық-емханалық көмек” ақпараттық жүйесі арқылы мәліметтер базасын интеграциялау жұмыстары жүріп жатыр”, – деді Ербол Оспанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің айтуынша, азаматтар өздерінің медициналық деректеріне “EGOV mobile” қосымшасындағы “eDensaulyq” бөлімінен қол жеткізе алады.
2025 жылдан бастап электронды форматқа көшірілетін медициналық анықтамалар:
• Науқас парағы;
• 075/у анықтама;
• 026/у дәрігерлік-консультативтік комиссия қорытындысы;
• 073/у көлікті басқару рұқсаты туралы анықтама;
• 069/у шипажай-курорттық карта;
• 052-2/у баланың денсаулық паспорты;
• 076/у қаруға рұқсат алу анықтамасы;
• 038/у еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама.
Енді анықтама алу жеңілдей түспек👍
3️⃣ Ішкі істер министрлігі ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерге үндеу жасады
Polisia.kz мәліметінше, ауа райының күрт өзгеруі апатқа әкеп соғуы мүмкін, сондықтан көліктің техникалық жағдайын, тежеу жүйесінің жұмысын қарау керек. Осы орайда министрлік жүргізушілерге бірқатар кеңес берді.
* Терезе тазалағыш щеткалар, сондай-ақ сұйықтықтың деңгейін тексеріңіз. Қысқы доңғалақтарды қолданыңыз! Ол қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және дөңгелектерге жолда сырғанауға қарсы тұруға мүмкіндік береді. Техникалық регламентке сәйкес қысқы кезеңде қысқы шиналармен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады!
* Қашықтықты сақтаңыз! Әсіресе қыс мезгілінде алда келе жатқан көлік құралына дейінгі үлкен ара қашықтықты ұстаныңыз. Тайғақ жолда тежеу жолы бірнеше есеге артады, сондықтан тежегішті баяу басқаныңыз дұрыс. Жол жүрісіне қатысушылардың барлығына мұқият болыңыз! Жаяу жүргіншілерге де назар аударыңыз. Есіңізде болсын, кішігірім қателіктің арты ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
* Ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, жылдамдықты шамадан тыс асырмаңыз! Жылдам жүрістің кесірінен көлік басқару кезінде бақылауды жоғалтуыңыз мүмкін.
* Жүрер жолыңызды алдын ала жоспарлаңыз! Ауа райы болжамын бақылап, қала маңындағы жолдардың жабылуы туралы хабарламаларды мұқият қадағалаңыз. Егер жолдар жабық болса, елді мекендерден тыс жерлерге шығуды шектеңіз.
Құрметті жол жүрісіне қатысушылар! Жол ережелерін сақтау – сіздің жауапкершілігіңіз. Өзіңіздің және өзгенің өміріне немқұрайлы қарамаңыз. Жолдағы қауіпсіздік шараларын және жол жүрісі қағидаларын сақтау өзіңізден басталады. Үйде жақындарыңыз күтіп отырғанын ұмытпаңыз! – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Абай болыңыздар!🙌🏻