Мопед, TikTok, қызмет. 30 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 30 Наурыз, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!🔥

1️⃣ Алматылық мопед-жеткізушілеріне енді айыппұл салынады.

Алматыда скутер мен мопед жүргізушілері көлік жүргізушілерімен теңестіріледі. Енді оларға да айыппұл салына бастайды. Бұл ең бірінші тротуар мен автобус жолағымен жүретіндерге қатысты. Мұндай адамдар сергек камераларының көмегімен анықталады.

📌 Жаңа заң бойынша мопед жүргізушілері туралы ақпарат арнайы базаға жинақталады.

2️⃣ TikTok-та Наурыз туралы видеороликтер 120 миллионнан аса қаралым жинады.

TikTok қысқа видеороликтер жасауға арналған жетекші платформасы #Наурыз2023 онлайн-фестивалін қорытындылады. Шара платформа қауымдастығында айрықша назарда болды, хэштег бойынша контент 120 миллион рет қаралды. TikTok-тағы алғашқы онлайн-фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ және TikTok-тағы танымал контент авторларының қолдауымен өтті. Сондай-ақ, TikTok үздік роликтер байқауының жеңімпаздарын жариялады: жеңімпаздар Қазақстанның ең сұлу мекендеріне саяхаттайды.

TikTok-та көктем мерекесі Наурызға арналған онлайн-фестиваль платформаның Қазақстандағы ірі қауымдастығының басын қосты. Еліміздің түкпір-түкпірінен қолданушылар Наурызды қалай атап өткенін паш етті: бір-бірін құттықтады, мерекелік тағамдар дайындады, ұлттық әндер орындады, өз өңіріндегі мереке тарихы мен дәстүрлері туралы әңгімеледі. Мереке қолданушылардың айрықша қызығушылығын оятты: жобаның хэштегі бойынша роликтер 120 миллионнан астам қаралым жинады.

Ал сен Наурыз мейрамына байланысты видео жүктедің бе?😍

3️⃣ Мемлекеттік қызметке орналасатындар енді рухани құндылықтар бойынша тест тапсырады.

Мемлекеттік қызметке келемін деген адамның рухани құндылығын анықтау бойынша тестілеу енігізіледі. БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев осылай мәлім етті.

«Келер жылдан бастап мемлекеттік қызметке іріктеуді онлайн жүргізуді жоспарлап отырмыз. Оған байланысты қызметке кіретін азамат бірінші кезеңде прокторинг бағдарламасымен тест тапсырады, одан кейін құзыреті мен қабылетіне анықтайтын тестілеуден өтеді. Сонымен қатар, біз тағы бір тест енгізіп отырмыз. Ол – әр мемлекеттік қызметке келемін деген адамның рухани құндылығын анықтау бойынша тест. Бұлардың барлығы онлайн форматта қолжетімді болады. Азамат үйінде отырып-ақ, емтихандарды тапсырады. Ал біз әр кезең бойынша балл қойып отырамыз. Соңында сол ұпайлардың жиынтығы бойынша кім көп балл жинады, сол бос лауазымға тағайындалады», – деп түсіндірді агенттік төрағасы.

Бұл өзгеріске қалай қарайсың?🤔