Муфаса, Сеул, Антикор. 20 желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 20 декабря, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңызға бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Disney-дің “Муфаса: Арыстан патша” атты анимациялық фильмі қазақ тілінде жарыққа шықты

Африканың саваннасындағы шытырман оқиғаны баяндайтын фильмді Дисней компаниясы өз қаражатына аударған. Ал бұл бастамаға “Қазақ тілі” қоғамы қолдау білдірген.

2024 жылдың 19 желтоқсанынан бастап кинотеатрларда қазақ және орыс тілдерінде көрсетіліп жатқан фильм дубляжында көптеген танымал жұлдыз төбе көрсетті.

Мәселен, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисті, белгілі опера әншісі Зарина Алтынбаева Афия кейіпкерінің вокалдық партияларын орындап шықты.

Фильмде басты кейіпкерлерді дыбыстаған:

• Ерасыл Мұхамадиев – Муфаса
• Бахтияр Байсерік – Пумба
• Дулыға Ақмолда – Рафики
• Асан Мәжіт – Кирос

Қазақ тіліндегі вокалдық партияларды орындағандар:

• Abik Jeksen – Муфаса
• Динара Сұлтан – Сараби
• Таир Сахиев (Jaman T) – Жас Рафики
• Ace – Зазу

Фильмнің қазақша дубляжын режиссер әрі Таканың дауыс беруін және әндерін орындаған Шах-Мұрат Ордабаев жүзеге асырды. Музыкалық жетекшілікке Әнел Сіргебаева жауапты болды.

Сіз тамашаладыңыз ба?😍

2️⃣ Қазақстан азаматы “Сеулдің құрметті тұрғыны” атағына ие болды

Сеул қаласы әкімдігінде “Сеулдің құрметті тұрғыны” атағын табыстау салтанатты рәсімі өтті. Биыл бұл жоғары марапатқа Қазақстан азаматы, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігінің қызметкері Руслан Қайрамбаев ие болды. Бұл туралы inform.kz хабарлады.

Бұл атаққа 1958 жылы тағайындалғаннан бері әлемнің 100 елінен барлығы 933 адам ие болған. Атақ Сеулдің дамуына айтарлықтай үлес қосқан шетел азаматтарына беріледі. Биыл бұл атақ халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және қаланың өркендеуіне үлес қосқан 16 лауреатқа табысталды.

Сеул әкімінің бірінші орынбасары Ким Санг Хан марапат иелерінің елеулі жетістіктерін атап өтіп, олардың жемісті еңбегі үшін алғысын білдіріп, халықтар мен мәдениеттердің жақындасуының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Руслан Қайрамбаев өткен жылдың желтоқсан айында жасаған ерлігі үшін жоғары бағаға ие болды. Ол жер асты автотұрағынан шығып келе жатқан жанып жатқан автокөлікті өрт сөндірушілер келгенге дейін сөндіріп, жалынның таралуының алдын алып, адамдардың өмірін сақтап қалды.

Барлық лауреаттар атынан сөз сөйлеген қазақ дипломаты Сеул қаласының әкімдігіне көрсеткен құрметі үшін алғыс айтып, өз әрекетін ерлік деп санамайтынын жеткізді: «Менің орнымда болған кез келген адам дәл солай жасар еді». Сондай-ақ, ол бұл марапат Қазақстан мен Корея арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді деген сенімін білдірді.

Бұл марапат Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы екіжақты байланысты нығайту мен халықаралық қарым-қатынастарды дамытудағы ынтымақтастықтың маңыздылығын айқындайды.

Тамаша!👍

3️⃣ Антикор мемлекеттік органдармен бірлесіп «ақшаны бояу» жобасын енгізбек

Антикордың мәліметінше, бұл тетік «Цифрлық теңге» платформасында іске асырылып, қаражатты жұмсау кезінде ашықтықты қамтамасыз етудің және жемқорлық тәуекелдерін азайтудың маңызды құралы.

«Бұл бюджеттік ақшаны бөлуден бастап толық игеруге дейінгі барлық кезеңдерде пайдалануды бақылауға мүмкіндік береді. Әрбір теңге бірегей цифрлық белгіні алып, жымқыру мүмкіндігін болдырмайды және бюджетті ұтымды пайдалануға ықпал етеді», делінген Антикор хабарламасында.
2024 жылдың 19 желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аталған жобаны іске асыру мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өткізді. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ұлттық банктің, қаржы, көлік, өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.

Бүгінгі таңда жобаларды іске асыру ауыл шаруашылығы, автомобиль және теміржол құрылысы сияқты стратегиялық маңызды секторларда басталды. 

Ақмола облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға микрокредиттер беру және техника шығындарын субсидиялау сынақтан өтуде. 

Құрылыс саласында бұл тетік Атырау облысындағы құны 2,1 млрд теңге болатын «Мұқыр-Құлсары» автожол учаскесінің жобасында және Қарағанды облысындағы160 млрд теңгеден астам сомаға «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінде пайдаланылады.
«Механизмнің одан әрі табысты жұмыс істеуінің маңызды құрамдас бөлігі мемлекеттік органдардың енгізілетін ақпараттық жүйелерімен толыққанды интеграция болып табылады, бұл осы салаларда бюджет қаражатының нақты пайдаланылуын бақылауды едәуір арттыруға мүмкіндік береді»,- дейді кеңеске қатысушылар.

Бұған қалай қарайсыз?🤔