Музыка, Ойындар,Дзюдошы. 18 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 18 Наурыз, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Қазақстандық ауыл мұғалімі британдық әнші Dua Lipa-ның жаңа альбомына музыка жазды.

“Ерқанат Ерғазыұлы Абай ауданы Қарауыл ауылында биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол сонымен бірге өнер адамдарына аранжировка жазумен айналысады. Музыкант Say Mo, BikaBreezy, Delacure, Rick сынды қазақстандық әртістермен жұмыс істеген. Қаңтар айында Ерқанат танымал бразилиялық әнші Anitta ft. Melody-дің Mil Vezes әніне ремикс жазған. Бұл туынды ресми жарияланып, әншінің арнасында шыққан”, – делінген дүйсенбі күнгі хабарламада.

Сонымен бірге өнер иесі желтоқсанда америкалық рэперлер Lil Tjay & Fivio Foreign – Last Christmas бейнебаянына да продюсерлік еткен.

Ал 3 мамырда британдық әнші Дуа Липаның “Radical optimism” деп аталатын альбомы жарық көреді. Ерқанат мұнда бір әнді әрлеген.

Талантты жастарымыз көбейе берсін!😍

2️⃣ Қазақстандықтар құмар ойындарға қатыспауға өтініш бере алады.

Туризм және спорт министрлігі цифрлық даму министрлігімен бірлесіп қазақстандықтар мен ел тұрғындарын құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өз бетінше шектеу жөніндегі қызметті автоматтандыру бойынша жұмысты аяқтады.

«Бүгінгі күннен бастап Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Бұл рәсім «Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңының 15-1 бабында көзделген және автоматтандыруға дейін тиісті тұлғаларды өзін-өзі шектегендер тізіміне қосу 8 жұмыс күні ішінде қағаз форматта жүзеге асырылды», – деп хабарлайды министрлік.

Жаңа қызмет өтініштерді өңдеу мерзімін едәуір қысқартады және құмар ойындарға қатысудан өзін-өзі шектеу рәсімін жеңілдетеді. Бұл барлық азаматтарға, ең алдымен құмар ойындармен шектен тыс әуестенетін тұлғаларға барлық лицензияланған ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің заңды сайттарына кіруге лезде тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.
Өзін құмар ойындарға қатысудан шектеу үшін ҚР азаматына немесе резидентіне өз телефонына eGov mobile мобильді қосымшасын жүктеп, электрондық цифрлық қолтаңбаны жасап алу керек.

Өтініш ЭЦҚ мен өтінімге қол қою арқылы онлайн беріледі. Өтініш бергеннен кейін сервис өтінішті дереу тіркейді және өтініш берген тұлға өтінішті қайтарып алу құқығынсыз 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдардың тізіміне енгізіледі. Бұл ретте, құмар ойындарға қатысуды шектеу және бәс тігу мерзімі аяқталғанға дейін шектеуді ұзарту туралы өтініш беруге болады.

«Ойын бизнесі туралы» Заңға сәйкес тізімге енген тұлғалар туралы мәліметтер құпия болып табылады. Тиісінше, мұндай мәліметтер тек ТСМ-нің лауазымды тұлғаларына, сондай-ақ құмар ойынға қатысқысы келетін адамдардың тізімде болу деректерін ЖСН енгізу арқылы жекелеген сұрау салу үшін лицензияланған ойын бизнесі ұйымдастырушыларына ғана қолжетімді», – делінген хабарламада.

Жақсы бастама!👍

3️⃣ Әбиба Абужақынова әлемдік рейтингте ең үздік 5 дзюдошының қатарына енді.

Спортшы қазақ қыздары арасынан алғаш рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған еді.

Жуырда Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен Grand Slam турнирінде күміс медаль иеленген Әбиба Абужақынова әлемдік рейтингте үздіктердің қатарынан көрінді.

Әлемдік рейтингте қазақ спортшысының алдында италиялық Ассунта Скуттоны, француз Ширин Букли мен жапон Нацуми Цунода тұр. Ал Әбиба Абужақынова 5 184 ұпаймен 4-ші орында тұр.

Әбибаның Ташкентте жеңіп алған күміс жүлдесі оның мансабындағы Grand Slam жарысының алғашқы күмісі болса, осы жылғы маусымнан бергі әлемдік додалардағы үшінші медалі.

Құтты болсын!🔥