Нұрбек Еңсебаев, Сингапур, “Мир”. 9-шы желтоқсанның топ жаңалықтары

Автор: редактор 09 Желтоқсан, 2022


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!👇🏻

1️⃣ «Болашақ» түлегі Нұрбек Еңсебаев зағип жандарға арналған Брайль бірегей аппаратын жасап шығарды.

«Нұрбек командасымен бірге зағип балалардың сауатын ашуға және әлемдегі кез келген тілде оқуға үйретуге арналған Брайль бірегей құрылғысын ойлап тапты. Технология Атырау қаласының арнаулы мектебінде, облыстық кітапханада және Қазақ зағиптар қоғамында іске асырылып жатыр», – деп жазылған ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарламасында.

«Болашақ» түлегінің командасына технология транфері бойынша басқа елдерден ұсыныстар түсіп жатыр. Мәселен, АҚШ-тағы Техас және Массачусетс зағип балаларға арналған арнаулы мектептері олардың әзірлемелеріне қызығушылық білдірді. Сонымен бірге оларға Оңтүстік Африка Республикасына Брайль қосымша құралдары мен биолокаторларды жеткізуге ұсыныс келіп түсті.

Инженер-энергетик Нұрбек Еңсебаев пен оның SEZUAL командасының бірегей технологиялары зағип жандарға көруге, арбамен жүретін адамдарға жүруге және көлік жүргізуге, ерекше қажеттіліктері бар балаларға өз бетімен шет тілдерін үйренуге және сауат ашуға мүмкіндік береді.

Технологиялар Еуропа Кеңесінің үздік инновациялары қатарына еніп, БҰҰ WSA 2022 сыйлығының 3 үздік номинациясының иегері атанды.
«Болашақ» бағдарламасының арқасында ең батыл идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. SEZUAL командасының мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар адамдарға толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беру.

Технологияларымыз мұқтаж қазақстандықтарға қолжетімді болғанын қалаймыз. Қазіргі уақытта отандық өндірісті жаппай жолға қою үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз», – деп атап өтті «Болашақ» түлегі.

Тағы бір өнертабысы – Zuzu Locomotion әртүрлі аурулардан кейін адамның омыртқасын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Технология хирургиялық әрекет пен емдеудің консервативті әдістерін қажет етпейді. Қазір ол елордалық клиникада енгізіліп жатыр.

Бұл өнертабысқа АҚШ қызығушылық танытып жатыр екен.🔥👍

2️⃣ Әлемдегі ең қауіпті елдер тізімінде Оңтүстік Африка, ал қауіпсіз елдер тізімінде Сингапур көш бастап тұр.

The Swiftest зерттеу тобы компаниясы әлем елдерінің қауіпсіздік деңгейін саралап, «Қауіпсіз саяхат индексін» шығарды.

Қауіпсіз елдер бойынша үздік ондықтың тізімі мынадай:

Сингапур
Дания
Нидерланды
Швейцария
Израиль
Швеция
Австрия
Ирландия
Италия
Германия

Ең қауіпті елдер:

Оңтүстік Африка
Үндістан
Доминикан Респбликасы
Мексика
Бразилия
Камбоджа
Филиппины
Сауд Арабиясы
Вьетнам
Индонезия

Қауіпсіз және қауіпті елдер тізімінде 50 ел бар. Ал бұл рейтингте Қазақстан жоқ.

📍 Саяхатқа шығатын болсаң, осы категорияға қарағаның дұрыс болады.🙌🏻

3️⃣ Қазақстандық банктер «МИР» карталарын қабылдауға рұқсат алды.

Ведомство мәліметінше, 2022 жылғы 8 желтоқсанда реттеушілер АҚШ Қаржы министрлігінің бөлімшесі – Шетелдік активтерді бақылау басқармасынан (OFAC) хат алған, онда америкалық ведомство «МИР» жүйесінің банк карталарын жеке тұлғалардың, атап айтқанда Ресейден Қазақстанға қоныс аударған азаматтардың күнделікті өмір сүруін қамтамасыз ететін операциялар жасау үшін пайдалануына қарсылық білдірмейтінін түсіндірді.
«Бұл ретте, хатта осы төлем жүйесімен жасалатын операциялар Ресейге қарсы санкцияларды айналып өту үшін оны пайдалануға жол бермеу мақсатында ерекше бақылауда қалатыны айтылған», – делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасының аумағында «МИР» жүйесінің төлем карталарын пайдалану мүмкіндіктері туралы түсініктеме беру үшін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандық банктердің өкілдерімен кездесу өткізген.

Енді қазақстандық банктер «МИР» карталары бойынша төлемдерді, аударымдарды қабылдауға, жеке тұлғалар үшін банкоматтар арқылы қолма-қол ақша беруді жүзеге асыруға құқылы.📌