Наурыз, Бақыт, Теннис. 20 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 20 Наурыз, 2024


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Алматыда Наурыз мейрамын тойлауға байланысты қоғамдық көлік бағыты өзгереді.

Алматыда Наурыз мейрамын тойлауға байланысты кейбір бағыттардың қозғалыс сызбасы өзгертіледі. Бұл туралы қалалық әкімдік хабарлады.

«Алматыда Наурыз мейрамының ауқымды түрде тойлау жоспарланған. Негізгі іс-шаралар Астана алаңында 21 және 22 наурызда өтеді. Сонымен қатар, 21 наурызда қала көшелерінде «Көш. Наурыз-думан» мерекелік керуен жүріп өтеді», – делінген хабарламада.

Алаңның және бірқатар көшенің жабылуына байланысты қоғамдық көлік маршруттарының қозғалысына өзгерістер енгізілді. Маршрут кестесімен мына жерден таныса аласыздар.

Жақындарыңызды құлаққағыс етіп қойыңыз!📍

2️⃣ Әлемдегі ең бақытты елдердің рейтингінде Қазақстан 146 елдің ішінен 49-орын алды.

Бұл туралы ақпарат World Happiness Report дереккөзінде жарияланды.

Қазақстан Орталық Азия бойынша екінші орынға ие болды. Ал 47-орында Өзбекстан тұр. Былтыр бұл көрсеткіште Қазақстан 44-орынды, Өзбекстан 55-орынды иеленген еді.

“Бақытты елдер” тізімінің көшін Солтүстік Еуропа елдері бастап тұр. Бірінші орында жеті жылдан бері Финляндия тұрса, Дания мен Исландия үздік үштікке енген.

Бұл рейтингтің төменгі орынында әлі де Ауғанстан тұр. Одан бөлек, Ливан, Лесото, Сьерра-Леоне және Конго да бар.

Айта кетейік, баяндамада 140 астам елден келген адамдар арасында жүргізілген жаһандық сауалнама деректері пайдаланылған.

Тамаша!😍

3️⃣ Теннистен жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатының іріктеуіне қатысып жатыр.

Кучингте World Junior Tennis Competition 14& under Азия — Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінің матчтары басталды. Бұл туралы el.kz агенттігі мәлімдеді.

Жеребе қорытындысына сәйкес 14 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан қыздар құрамасы В тобына түсті.
Онда Иран, Малайзия және Индонезия командаларымен ойнайды.

Аталмыш бәсекеде Қазақстан намысын мына спортшылар қорғап жатыр:

Найля Баймахан, ⁠Екатерина Кирюшенко және Медина Өтепберген. Команда капитаны — Марат Шәріпов.
Қазақстан құрамасы бүгін алғашқы матчында Индонезияға 1:2 есебімен жол берді.

Медина Өтепберген Путри Хансадан 5:7, 1:6 есебімен ұтылса, Найля Баймахан Курниаван Эмелиден басым түсті — 2:6, 6:2, 6:2.

Шешуші, жұптық сында Баймахан — Кирюшенко/Путри — Эмелиден айласын асыра алмады — 2:6, 6:7 (2:7).
Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне барлығы 16 команда қатысуда. Олар төрт топқа бөлінген. Плей-офф бәсекесіне әр топтан екі құрамадан шығып, командалық әлем чемпионатының жолдамасын сарапқа салады.

Спортшыларымызға сәттілік!🙌🏻