NEET, Ораза, Телефон коды. 14 наурыздың топ жаңалықтары

Автор: редактор 14 марта, 2023


Бәріне сәлем!

Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!📌

1️⃣ NEET санатындағы жастар үлесі 3,5%-ға дейін төмендейді.

NEET санатындағы жастардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы қаралды.
«Жұмысқа уақытша орналаспаған жастардың пайызын төмендету мақсатында кәсіби бағдарлау жұмысы бойынша еріктілер жобалары іске асырылады. Тұрақты негізде NEET санатындағы жастардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына жүйелі мониторинг жүргізіледі.
Нәтижесінде NEET санатындағы жастардың үлесі 6,7%-дан 3,5%-ға дейін төмендейді. Сондай-ақ, 2029 жылға дейін 18,2 мың жасқа жеңілдетілген несие беріледі. Пысықтау нәтижесінде қосылған индикаторлардың бірі – жастарды жұмыспен және жоғары біліммен қамту. Нақтырақ айтқанда, 2,3 миллион жасты жұмыспен, 2,8 миллион жасты жоғары біліммен қамту көзделіп отыр», — деді министр Үкімет отырысында.

Ал сен осы санатқа жатасың ба?🤔

2️⃣ Рамазан айындағы ораза және намаз кестесі жарияланды.

Қазақстан қалаларының 2023 жылғы Рамазан айындағы ораза және намаз кестесін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтынан мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айына орай БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын ұйымдастырған болатын. Бас мүфтидің дерегінше, биыл Рамазан айы 23 наурызда басталады. Ал сәуір айының 17-нен 18-іне қараған түн – қасиетті Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі.

Биылғы пітір садақасы жан басына 535 теңге болып бекітілді. Пітір садақасы мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның ортақ бағасы негізінде белгіленді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен беруге болады.

Осы жылы ораза ұстайсың ба?😍

3️⃣ Қазақстанда телефон коды өзгеруі мүмкін.

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.

Ол АҚШ-та ITU басшысы Дорин Богдан-Мартинамен кездескенін айтты.

«Қазіргі код +7. Мен АҚШ-та болғанымда ITU басшысы Дорин Богдан-Мартинамен кездестім. Онымен бұл мәселені талқыладық. +997-ге өту қиын емес. Алайда мен ITU-ге бізге +7 емес +77 қалдыруды ұсындым. ITU бір күнде шешім қабылдай алмайды. Себебі ол халықаралық ұйым және мұндай өтініштер бойынша кездесулер мен талқылаулар өткізуі керек. Бізге өзгерту туралы ұсынысты талқылауға уәде берді. Қазақстанда басқа елдермен бірге қолданылатын +7 емес, өзінің +77 коды болады деп үміттенеміз», — деді Бағдат Мусин Үкімет отырысы кулуарында.

Мұндай өзгеріске қалай қарайсың?😯