Неке, Ұлттық қор, Рекорд. 20 қыркүйектің топ жаңалықтары

Автор: редактор 20 Қыркүйек, 2023


Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!

Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅

1️⃣ Алматылық жас жұбайлардың некелесу рәсімін жасанды интеллект өткізді.

Instagram желісінде Айбол Қалыбаев және Алина есімді жас жұбайлардың тойынан үзінді видео жарияланды. Мұнда жастардың некесін жасанды интеллект өткізгені хабарланған.

«Маркетолог болғандықтан, үйлену тойымыздың ерекше болып өткенін қаладық. Осы тұста, әлемде бірінші рет (тексердік) неке қию рәсімін ЖИ жасағанын жөн көрдік», – делінген видеоның жазбасында.

Ал сіз тойыңыздың осындай форматта өткенін қалар ма едіңіз?😍

2️⃣ Ұлттық қордан балаларға төлем 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасалады.

Бұл туралы Берік Бейсенғалиев хабарлады.

Заңға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақ шотына аударылады. Бұл ақшаны олар болашақта баспана сатып алуға немесе білім алуға жұмсай алады. Бұл ретте қаражатты шетелдік жоғары оқу орнында оқу үшін пайдалануға рұқсат етіледі.

Шотта жиналған ақшаны 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға болады. Алайда бала азаматтығын өзгерткен немесе жоғалтқан жағдайда төлем алу құқығынан айырылады. Ұлттық қордан берілетін қаражатқа салық салынбайды.

Жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы бала 18 жасқа толғанға дейін оның шотына аударылады 📌

3️⃣ Биылғы Азия ойындарында спортшылар қатысуы жөнінен рекордтық көрсеткіш тіркелді.

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін XIX жазғы Азия ойындарында 12 500-ден астам спортшы бақ сынайды. Бұл аталған жарыс тарихындағы рекордтық көрсеткіш ретінде тіркеліп отыр.

Дүбірлі дода 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтеді. Оған Азия Олимпиада кеңесіне (АОК) кіретін 45 елдің комитеті тіркеген спортшылардың саны 12 500-ден асып түсті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

2018 жылы Индонезияда өткен Азиадада 11 300 адам тіркеліп, жаңа рекордтық көрсеткіш орнаған еді.
Ең көп делегация Қытай құрамасы сапында, бұл елден 600-ден астам спортшы жарыс жолына шығады. Одан кейінгі орындарда Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Гонконг құрамалары бар.

Ал сіз Азия ойынын тамашалайсыз ба?🤔