Бәріне сәлем!
Қыздар мен жігіттер, назарларыңа кезекті ТОП-3 жаңалықты ұсынамыз!✔️
1️⃣ Енді қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істей алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлік өкілдері Оңтүстік Кореядағы әріптестерімен онлайн-форматта келіссөздер өткізді.
«Келіссөз барысында Қазақстанды Оңтүстік Кореяның «Employment permit System» жүйесіне енгізу мәселесі талқыланды. Бұл қазақстандықтарға Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуға, сондай-ақ оларға тең еңбек жағдайлары мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — делінген ресми хабарламада.
Онлайн кездесуге көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев, Корея Республикасы еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің шетелдік жұмыс еңбегі жөніндегі басқармасы директорының орынбасары Мюнг Сунг Хон қатысты.
Айта кетері, Қазақстанда «Employment permit System» жүйесі аясында кореялық дайындық орталығын ашу жоспарланып отыр. Сол жерден қазақстандықтар заңды түрде жұмысқа орналасу шарттарымен таныса алады.
Кореяда жұмыс істеп жатқан таныстарыңыз бар ма? Жақсы жаңалықты бөлісіп қойыңыз👍🔥
2️⃣ Қазақстанда ІТ және өнеркәсіп саласы мамандарының табысы артты.
Бұл туралы 24KZ мәлімдеді.
Өткен жылдың соңында оларға миллион теңгеге жуық жалақы ұсынылған. Өйткені еңбек нарығында мұндай кадрлар тапшы.
Азат жоғары оқу орнын автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір әлеуметтік мекемеде жүйелік әкімгер болып еңбек етіп жүр. 22 жастағы маман қалада мұндай жұмыс орнына таңдау мол болғанын айтады.
«Жүйені орнатамын, операциялық жүйені. Сосын интернет желісін қадағалап отырамын. Сұраныс өте көп болды. Себебі осындай жерлерге программистер көп керек. Жалақы жақсы. Мені қанағаттандырады», — дейді жүйелік әкімгер Азат Жеңіс.
Азат сияқты ІТ саласының мамандарына нарықта сұраныс күрт артты. Былтыр 9 ай ішінде компьютерлік бағдарламалау, консалтинг және ілеспе қызметтердің көлемі 700 млрд теңгеден асқан. Бұл 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 43,5%-ке көп. Көрсетілген қызметтердің тең жартысы Алматыға, екінші жартысына жуығы Астанаға тиесілі. Қалған 9,9%-і өңірлерде көрсетілген.
ІТ мамандар елдегі орташа жалақыдан 2,3 есе көп табыс таба алады. Былтыр Астанада 8 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылса, 12 мың адам кәсіби оқыту, грант және жеңілдетілген несие беру шараларымен қамтылған. Қазір тағы 10 мыңға жуық тұрғын жұмыссыз ретінде тіркеліп тұр.
«Әртүрлі жұмыс беруші бізде Enbek.kz порталына тіркелген. Бірақ көбі – қызмет көрсету саласы, индустриалдық парктің жұмыс берушілері, әртүрлі зауыттар, кәсіпорындар. Техникалық мамандықтарға сұраныс өте көп. Қалада болсын, индустриалды парк болсын, колледж бітіретін түлектер сұраныста», — дейді қалалық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар.
Тамаша!👏🏻
3️⃣ Еліміздің бірқатар өңірінде оқушылар қашықтан оқиды.
Бүгін Астанада 1-9 сынып оқушылары ауа райының қолайсыздығына байланысты қашықтан оқыту форматына көшірілді.
Абай облысында 5 ауданда (Аягөз, Жарма, Көкпекті, Бесқарағай, Ақсуат) және Курчатов қаласында бірінші ауысымның оқушылары онлайн оқиды. Қалған аудандар мен қалалардағы балалар мектепке барады.
Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Әулиекөл, Наурызым, Қарабалық, Ұзынкөл, Амангелді, Меңдіқара, Бейімбет Майлин, Қамысты және Қарасу аудандарында аязға байланысты бірінші ауысымдағылар үшін сабақ қашықтан оқу форматына ауыстырылды.
Облыста ауа температурасы — 25-30 градус аяз.
Қолайсыз ауа райы кезінде сақ жүріңіздер!📌