Кеш жарық, қыздар мен жігіттер!
Назарларыңа бүгінгі күннің ТОП-3 жаңалығын ұсынамыз✅
1️⃣ Астанада 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге 2,5%-тік шағын несие беріле бастады.
Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауға тиіс.
Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейін жылдық 2,5% номиналды сыйақы мөлшерлемесімен 5 жылға дейін кредит ала алады. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған.
Сондай-ақ микрокредит кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-анасын, туыстарын және тағы басқа) тартуға құқығы бар.
Жастарға микрокредит беру туралы шешімді конкурстық комиссия қабылдайды.
Микрокредит алуға өтініштер Аграрлық несие корпорациясының филиалында қабылданады. Мекенжайы: Астана қаласы, Тұран даңғылы, 19/1, «Эдем» БО, анықтама телефоны: 8-701-006-16-38, колл-орталық 5353.
Ал сіз несиеге өтініш беріп пе едіңіз?🤔
2️⃣ Елена Рыбакинаның суреті бейнеленген пошта маркасы шығарылды.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, бұл – ел тарихында теннисшінің суреті басылған бірінші пошта маркасы.
Елена Рыбакина Қазақстанда теннистің кеңінен таралуы үшін көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ бүкіл әлемде Қазақ елінің абыройын арттыруға өз үлесін қосты.
«Спорт» сериясы бойынша «Қазақстан чемпиондары. Елена Рыбакина» деген тақырыппен шыққан пошта маркасы офсеттік тәсілмен төрт бояумен басылған.
Керемет!😍
3️⃣ Атырауда бір айда төленбеген айыппұлы бар жүргізушілерден 30 млн теңге өндірілді.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 30 мамыр – 30 маусым аралығында «Борышкер» іс-шарасы өткізілген.
«Аталған іс-шара кезінде жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу көзделді. Сол себептен, полиция қызметкерлері жеке сот орындаушылармен, мемлекеттік кірістер органының қызметкерлерімен бірге рейдтер өткізді. Бірлескен рейд кезінде айыппұлын төлемеген жүргізушілердің 500-ге жуық автокөлігі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 785-бабына сәйкес арнаулы тұраққа қойылды. Ал 700-ге жуық көлік құралының жүргізушілерінен 30 млн теңгеден астам төленбеген айыппұл өндіріліп алынды», — деп хабарлады Атырау қалалық патрульдік полиция батальонының командирі Дәурен Насиполла.
Оның айтуынша, жүргізушілерге жолда жүру ережесінің қағидасы түсіндірілген. Жол ережесін бұзушыларға 7 күн ішінде айыппұлдың 50 пайызын төлеуге болатыны жөнінде айтылған.
Жолда ережені сақтаныңыздар!☝🏻